Алакөлде құны 8,4 млрд теңге болатын жоба іске аспақ
Алакөлдің Абай облысындағы жағалауында құны 8,4 млрд теңге болатын жоба іске аспақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында туризм саласына ерекше мән берген болатын.
Осыған орай Абай облысының 2025–2027 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Құжатқа сай, жаңа электр желілері тартылып, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынады. Бастама туристік аймақтың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Өңір басшысы Берік Уәли Алакөлді дамыту мәселесі биылғы жылы ерекше бақылауға алынғанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары көл маңында бірқатар түйткілдер жиналып қалған. Содан бері жағалауда кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары қолға алынып жатыр.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Біздің облысымызда негізгі туристер келетін аймақ – Алакөл. Наурыз айынан бастап өзім бірнеше рет көлдің басына барып көшпелі жиналыстар өткіздім. Жағалауда 2018 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген екен.
Алакөл жағалауын абаттандыру жұмыстарына облыстық бюджеттен 658 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат арбатты жөндеп, жағалауға жаңа демалыс орындарын орнатуға жұмсалды.
Құралай Төлеуова, кәсіпкер:
- Туристерге жағажайда киінетін орын, жайлылық болса екен дейміз. Енді соған жетеміз. Өйткені облысымыз жаңа. Биыл үшінші жыл ғана. Көп нәрсе істеледі деп жатырмыз. Өйткені әкімдік тарапынан, мемлекет тарапынан биыл туризмге Президентіміздің Жолдауы бойынша көп нәрсе бөлініп жатыр.
Марат Қабақов, Туризм басқармасының басшысы:
- Жобалар келесі жылы асырыла бастайды. Оның ішіндегі ірі және тағы да шаралар бар. Мысалы, қазір өрт сөндіру депосы, құтқару станциясы салына бастады. Келесі жылы бітетін болады.
Алакөлдің туристік аймағында цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жоспарға сәйкес, алдағы жылы көл жағалауына заманауи оптикалық байланыс желілері тартылып, интернеттің жылдамдығы секундына 500 мегабитке дейін жетпек.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов