Ақтауда полицейлер тазалыққа атсалысты
Ақтауда полицейлер қала жағажайын күл-қоқыстан тазартты. Тазалық шарасына 150-ге жуық тәртіп сақшысы белсене атсалысты.
Учаскелік полиция инспекторлары, тергеушілер мен арнайы мақсаттағы жасақ бірнеше топқа бөлініп, теңіз жағалауында жатқан тұрмыстық қатты қалдықтарды жинастырды. Жиналған қоқыс шаһар сыртындағы полигонға жеткізілді. Айта кетсек, биыл облыс көлемінде полиция қызметкерлері рұқсатсыз қоқыс төгілген 20-дан астам жерді анықтап, 30 жүк көлігінің иесін әкімшілік жауапқа тартқан.
Тимур Жұмалиев, ПД ЖПҚ Басқарма бастығының орынбасары:
- Жыл басталғалы қаланы абаттандыру жұмыстарына зиян келтіріп, тұрғын үйлердің маңына заңсыз қоқыс төккен 7500-ден астам адам анықталды. Қоғамдық орында қоқыс тастағандарға бірінші кезекте түсіндірме шаралары жүргізіледі. Қайталанған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұл салынады.