Жасы 70-ке жақындаған зейнеткер салауатты өмір салтын серік етіп жүр

Қартайса да, қол қусырып отырған жоқ. Астанадағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығы осы уақытқа дейін 16 мыңнан астам зейнеткерге қызмет көрсетті, деп хабарлайды 24kz.

Орталыққа келген қариялар медициналық және психологиялық көмек алады. Сонымен қатар түрлі үйірмелерге тегін қатысып, салауатты өмір салтын серік етіп жүр.

Белтемірге тартылып жатқан бозбала емес, жасы жетпіске жақындаған зейнеткер. Серік Ерішұлы жаттығу залына жиі келеді. Өз айтуынша, жас кезінде күрес түрлерімен, кейін пауэрлифтингпен айналысқан. Зейнетке шықса да, спортты әлі серік етіп жүр. Әсіресе, белтемір мен зілтемірді қолданады. Фитнес залы тарапынан оған тегін кіру мүмкіндігі беріліпті.

Серік Ерішұлы, зейнеткер:

- Қимылдау керек. Бір отырсаңыз, отырып қаласыз. Қимыл керек. Спортпен айналыспасаңыз да, жүру керек. Мен жаттығу жоқ күндері жағалауда 5 шақырымдай жүремін. Жылдам жүруге тырысамын. Қазір 5 шақырымды 40 минутта жүріп шығатын болдым.

Олег Кучерявый, жаттықтырушы:

- Осында бірге жаттығамыз. Арасында көмектесіп тұрамын. Ол зейнет жасына қарамастан өте шымыр. Залға күнара келіп, 2 сағат жаттығу жасайды. Жастар оған қарап таңғалып жатады.

Ал Құралай Нұрмағанова белсенді ұзақ өмір сұру орталығының мамандарынан кеңес алады. Үстел ойындары, йога және оңалту гимнастикасымен айналысып жүр. Сондай-ақ зейнеткер бұл мекемеде түрлі аурулардың алдын алу туралы тегін дәрістерге қатысады.

Құралай Нұрмағанова, зейнеткер:

- Мысалы, қыста тұмау болады. Соның алдын алу мәселелері туралы айтады. Сосын жүрек аурулары туралы ескерту. Енді жасымыз ұлғайған бізге дәрігерлер.сайын сондай ескертулер айтып отырады.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының кеңселері астананың әр ауданында жұмыс істеп тұр. Онда зейнеткерлер үшін йога, би, арт-терапиясы, үстел ойындары үйірмелері мен кунг-фу, скандинавиялық жүріс секциялары қарастырылған. Геронтолог дәрігердің айтуынша, сау әрі ұзақ өмір сүру үшін ең алдымен жиі қимыл-қозғалыс қажет. Сондықтан таңғы жаттығудың маңызы ерекше. «Одан кейін күнделікті ас мәзірі мен көңіл-күйге мән берген жөн», - дейді ол.

Индира Альпаева, геронтолог дәрігер:

- Ақуызға бай тағамдарды жеу қажет. Өйткені адам ағзасы ақуызды талап етеді. Тамақты аз-аздан, бірақ жиі ішкен жөн. Сонымен қатар тәулігіне кемінде бір жарым литр су ішу керек. Қариялар оқыс қимылдардан сақ болғаны абзал. Сондықтан күнделікті үй шаруасында оларға көмектесу қажет.

Орталықта зейнеткерлер бір мезетте үш үйірмеге жазылып, үш ай бойы тегін қатыса алады. Мамандардың мәліметі бойынша мекеме үш жыл ішінде 16 мыңнан астам адамға қызмет көрсеткен.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Марат Диқанбаев, Диас Қобыланбаев