ШҚО-да Ұранқайға апаратын 60 шақырым жол жөнделмей тұр

Шығыс Қазақстандағы табиғаты таңғалдыратын Ұранқай ауылына жету қиын. Аудан орталығымен арадағы 60 шақырым жолдың тоз-тозы шығып, жолаушыға да, көлікке де ауыр соғады, деп хабарлайды 24kz.

Бұл ауыл халқының тұрмысын қиындатып қоймай, сонымен қатар өңірдің туристік әлеуетін де тежейді. Ұранқайға келушілердің басты мақсаты – Марқакөлдің кереметін көру. Бірақ жолдың нашарлығынан саяхатшылардың көбі бұл бағытқа барудан бас тартады. Мамандардың айтуынша, туристік бағыттағы трасса қалыпқа келтірілсе, инвесторлар легі артып, ірі жобаларға жол ашылады. Мәселен, ауданда Марқакөлмен Қытайдың Қанас көлінің арасында трансшекаралық туристік бағыт ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Марқакөлдің басына соңғы жылдары туристер аз келетін. Тек жеке аудан болып бөлінгелі бері ғана жағдай өзгерді. Былтыр 200-ге тарта адам саяхаттап келсе, биыл бұл көрсеткіш бес есеге артты. Көл басына келгендер қорықтың мұражайына соқпай кетпейді. Ақнұр Дүсіпова әр қонақпен сұхбаттасады. Өйткені жан-жануар, флора мен фауна жайлы одан артық білетін адам жоқ. «Ұранқайдың табиғатын ұнатқан кейбір туристер бір емес, бірнеше айналып соғады», - дейді ол.

Ақнұр Дүсіпова, экскурсия жетекшісі:

- 2019 жылы келген туристіміз жыл сайын сол маусым, шілде,тамыз осы мезгілдерде жиі кеп тұрады. Ол кісі осы жолы да келді, қасына жолдастарын ерте келіпті. Марқакөлдің өзінің керемет табиғатына қызығады, өзіміздің көлге қызығады.

Еліміздің өзге өңірлерінен де ат арылтып келетіндер көп. Мәселен мына бір топ азамат қара суыққа қарамастан квадроциклмен Қатонқарағайды аралап, Марқакөлге табан тірепті. «Көрікті мекенді көріп жолдың қиындығын да ұмыттық»,- дейді олар.

Айдар Құрымбаев, турист (Павлодар):

-  Біз түнде осы жақта түнде келіп ештеңе көрінбеді, бүгін азанда тұрып қарасақ, табиғаты көзге өте жылы көрінеді. Өте ұнады көліне қарасақ та, тауларына қарасақ та, ауа райы да өте ерекше. Швецариядан кеме емес, Швецариядан артық деп айтсақ артық болмас.

Дегенмен, көл басына апарар жол сапасы көпшілікті қажытты. Инвесторлардың да қолын байлап тұр.

Рүстембек Кемешов, Марқакөл ауданының әкімі:

- Инвесторлар үшін ең маңыздысы – қазіргі біздің Марқакөл Ұранқай екі арадағы 60 шақырым жолдың жөнделуі. Жол жөнделсе, инвесторлар келіп, өздерінің әртүрлі жобаларын енгізуге дайын отыр.

Мамандардың айтуынша, бұл жол өтетін жер орман қорына тиесілі. Демек, жөндемес бұрын оны алдымен транспорттық мақсаттағы жерге ауыстыру керек.

Нұрбек Тұраров, ШҚО Жолаушылар көлігі және АЖ басқарма басшысының орынбасары:

- Бюджеттен қаражат күтіп отырмыз, бізге жерді орналастыру жобасы әзірлену керек ең бастысы. Жалпы тапсырма бар, бұл мәселе бақылауда жұмыс атқарылады.

«Барыс-келіс жеңілдесе, бізге келетін туристер саны еселеп артады», - дейді марқакөлдіктер. Өйткені өлке тарихы-жұмбаққа толы. Соның бірі – 700 жылдық сібір қарағайы.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Марқакөлдің маңайындағы тау-орман туралы аңыз әфсана көп. Мәселен, мынау 700 жылдық кәрі ағаш - сібір қарағайы. Ерте заманда тағдыр тәлкегімен әрең қосылған қос ғашық көп жылдар бойы бала сүйе алмай қиналған екен. Сол кезде бір емші кейуана: «Жастарға тұқым беріп, осыны егіңдер,егер осыдан өскін өсіп өркендесе, ұрпақтарың көп болады», - деп батасын беріпті. Мінекей, сол жас отбасы еккен ағаш мынадай мәуелі қарағайға айналып, қазір де киелі орындардың бірі саналады.

Бүгінде тәуекел деп көл маңайына қонақүй салуды бастап кеткен кәсіпкерлер де бар. Олар Қытайдың Қанас көлімен арада туристік бағыт ашылып, трансшекаралық туризм дамиды деген үмітте. Ал сарапшылардың айтуынша, бұл жоба тек туризмді түлетіп қана қоймай, шекара шебіндегі ел көшін тоқтатып, тыныс-тіршілікті түзеуге сеп болады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов