Павлодарда өңірдің цифрлық болашағы талқыланды

Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды талқылауға арналған Павлодар облысы активінің жиналысында өңір орталығында жасанды интеллектіге негізделген бірнеше жобаның жүзеге асып жатқаны мәлім болды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл бастамалар халықтың өмір сүру сапасын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болмақ.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «цифрлық қадам, жасанды интеллект – жаңа өркениеттің кілті», - деді. Бүгінгі таңда әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов уақыт талабынан туындаған әлемдік өзгерістерге дайындық бүгіннен басталуы тиіс екенін жеткізді.

Асайын Байханов, облыс әкімі:

- Бұл өзгерістердің тамыры жасанды интеллектте тұр. Сондықтан Жолдаудың басты тақырыбы – Цифрлық өзгерістер жасанды интеллектке бейімделді. Негізгі міндет үш жылда цифрлық мемлекетке айналу. Бұл еліміздің әр тұрғынына және әр елді мекеніне дейін қатысты. Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр

Цифрлық даму мен жасанды интеллектке бағытталған жобалар барлық саланы қамтиды. Павлодарда ақылды жүйеге негізделген «Қауіпсіз қала» және «Смарт Сити» бағдарламасы қолданысқа енді.

Ағыбай Әмірин, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:

- Бұл жоба аясында біздің Павлодар бойынша 123 көше қиылысына, содан кейін 200 жаңағы жаяу жүргіншілер өтетін жерлерге және жалпы 4200 бейнебақылау камералары орнатылады. Бұның барлығы жаңағы видеоаналитика, жасанды интеллект дейді соның технологиясы қолданылған

Актив қорытындысы бойынша Президент тапсырмаларын іске асыру жөнінде нақты бағдарлар белгіленді. Осылайша Президент Жолдауы бағдарламалық құжат қана емес, нақты іс-қимыл жоспарына айналмақ.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев