Бейнеттің зейнетін көрген шақ
Астанада 156 мыңнан астам зейнеткер бар.
Сондай-ақ 385 ардагерлер ұйымы қаланың әр ауданында жұмыс істеп тұр. Бұл ұйымдар ардагерлердің басын қосып, олардың хал-жағдайын қадағалап, қиын жағдайда қалғандарына көмек қолын созып тұрады. Осындай бастамалардың арқасында қарттарымыз белсенділік танытып, қоғам өміріне өз үлесін қосып келеді. Мерекеге орай өткен бірқатар шараға біздің тілшілер де қатысып, мерекемен құттықтап қайтты.
Бұл Есіл ауданындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы». Дәстүрге сай, бүгін таңнан бері өнерпаздар ән әуелетіп, жыр мен күй төгілтіп жатыр. Қарияларға мерекелік көңіл-күй сыйлауға оқушылар арнайы келген. Сондай-ақ орталықтың шығармашылық топтары жиналған қауымды өнерімен тәнті етті. Театрландырылған қойылым, би, ән-шашу – барлығына ардагерлер белсене қатысуда.
Ермек Жанұзақова, ардагер:
- Өзім 75-ке толамын. Осы жаққа келгеніме 4 жыл болды. Балаларымыздың арқасы ғой келіп жатқанымыз аман болайық. Отбасылар аман, балалардың, шөберелердің қызығын көріп осылай ұрпаққа тәлім-тәрбие көрсетіп, салт-дәстүрімізді қалдыруымыз керек қазақтың салт-дәстүрін.
Әр мерекеге ардагерлер ұйымдары тыңғылықты дайындалады. Ақыл-ойды шынықтыру да зейнеткерлердің тұрақты шұғылданатын ермегі. Қарттар күніне орай асық ату мен тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырылды.
Марат Мұстафин, Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Бір жақсы қазақтың ойындары өтіп жатыр. Мерекелік шара. Ол біздің көне заман келе жатқан балалар ойнайтын, үлкендер ойлайтын асық ату, тоғызқұмалақ. Бұл біріншіден үлкендерге есіне түсу, асық пен тоғызқұмалақ. Екіншіден, ұрпақ сабақтас, жастар да соткамен емес, мына асық пен тоғызқұмалақ ойнаса пайдалы болады. Сондықтан мына үлкен ата-әжелеріңіз 70, 80-ге келген өздерінің несін көрсетіп жатыр, өнерлерін көрсетіп жатыр.
Зейнеткерлер заман ағымынан да қалыспайды. Нұра ауданының 50 аға буын өкілі қазақ биін биледі. Флешмобты қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады. Ардагер бишінің бірі 77 жастағы Марита Қайыржанова. Зейнетке шыққалы орталыққа тұрақты келеді. Мың бұрала би билеу бала күнгі арманым еді, дейді.
Марита Қайыржанова, ардагер:
- Мінеки әлі де кеш емес, бимен айналысып жүрмін. Көңілім әрқашанда көтеріңкі. Спортпен айналысуға болады, өйткені бүкіл бұлшық етің қимылдайды.
Позитивті ой, сергек қимыл адам өмірін ұзартады. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары осындай ниетпен құрылған бастама. Онда зейнеткерлер үшін йога, тыныс алу жаттығулары, скандинавиялық жүріс, еңбек терапиясы, ағылшын тілі секілді тағы да басқа сан түрлі пайдалы дәрістер өтеді.
Меруерт Нұрғалиева, Астана қаласы әкімдігі белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бөлім басшысы:
- 87 жастағы ең жасы үлкен атамыз бар Сабыржан ата. Ол кісі де биге қатысады. Бұл кісілерге бос уақыттарын пайдалы өткізу үшін біздің орталыққа келеді. Көбінесе бізге келетін зейнеткерлер сауықтыру бағытында үйірмелерге қатысады. Солардың жақсы нәтиже алып жатқандары бар. Денсаулықтарын түзеп.
Қариялар талай жасты тәрбиелеп, ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалықпаған ерекше жандар. Әрбір ардагер ел өміріне өлшеусіз үлес қосып қана қоймай, мәуелі бақтай ұрпақ өсіріп, жеткізіп келеді. Ендеше тәлім-тәрбие берген қарт буынға құрмет көрсету – бүгінгі жастардың асыл парызы.
Рухани Әбдірахман