Шымкентте әуежайдың жаңа ұшу жолағын салу басталады
Шымкент қаласында әуежайдың жаңа ұшу жолағын салу жұмысы басталады.
Құны 40 миллиард теңгеден асатын жоба Мемлекет басшысының қаланы мультимодальды орталық ретінде дамыту жөніндегі тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Жобаның мердігері конкурс нәтижесінде таңдалған отандық компания. Ұзындығы үш шақырымнан астам, ені 75 метр ұшу жолағы III санатқа жататын болады. Оның беріктігі мен жүк көтергіштігі кез келген ауа райында ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік береді. Нысан 2027 жылдың соңына дейін тапсырылады. Қазіргі үшу жолағы 1972 жылы салынып, соңғы рет 2007 жылы күрделі жөндеуден өткен болатын.
Досымхан Жанзахов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және аж басқармасы басшысының орынбасары:
- Осы айдан бастап құрылыс жұмыстарының алдындағы дайындық жұмыстары жүргізіледі. Ол жерде инфрақұрылымды ауыстыру және құрылыс аймағын қоршау бойынша. Жаңа ұшу-қону жолағының іске қосылысымен бұл жерде әуе бағыттарының саны артатындығы ол айқын. Сонымен қатар әуежайды жүк тасымалдау, мультимодальды хаб ретінде дамыту мақсатында жүк әуе кемелерін қабылдау мүмкіндіктері артады.