«Қазатомөнеркәсіп» жыл қызметкерлерін ұлықтады
«Қазатомөнеркәсіп» «Жыл қызметкері» байқауын өткізіп, жеңімпаздарды елорда төрінде марапаттады, деп хабарлайды 24kz.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткен салтанатты шараға атом саласының белді қызметкерлері Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналды. Биыл ұлттық атом компаниясы тәуелсіз зерттеулер қорытындысына сәйкес Қазақстандағы ең тартымды үш жұмыс берушінің тізіміне енді.
«Жыл қызметкері» сыйлығын ұйымдастыру «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының игі дәстүріне айналды. Үздіктерге арнайы марапатты Қазатомөнеркәсіптің басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов табыстады. Атом саласы қызметкерлерінің күніне орайластырылған шара осымен тоғызыншы жыл қатарынан өтті. Үздік атануға биыл 183 адам үмітін үкіледі. Марапатқа ие болған 23 жеңімпаздың бірі – Марат Бекетов. Ол өз кәсібіне 35 жылын арнаған.
Марат Бекетов, «KAP Logistics» ЖШС жүргізушісі:
- Атом саласында 1988 жылдан бері қызмет етемін. Осы компанияда қызмет атқарғаныма өте қуанамын, мақтанамын. Бүгін Астана төріне шақырып, еңбегімді бағалап марапат беріп жатқан басщылыққа үлкен рақметімді айтамын.
Атом саласында маңдай терімен нәпақа тауып жүрген жастардың бірі – Мұрат Тынысбаев. 13 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Кен орнындағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылайды. Жұмысын адал атқарып жүрген жас маман ұлттық атом компаниясының әлеуметтік шараларына да белсенді қатысады.
Мұрат Тынысбаев, «Орталық» ӨК» ЖШС Өндірістік қауіпсіздік департаментінің дозиметристі:
- Биыл мен өзім спорт, футболдан бірінші орын аламыз, одан кейін жас мамандар мектебіне бардық. «Қазотомпромның» жыл қызметкеріне қатысып жатырмыз.
Қазатомөнеркәсіп өз қызметкерлері мен олардың отбасыларының өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды тұрақты түрде жүзеге асырады. Ал өндірістік қауіпсіздік компания үшін ең негізгі басымдық. Осы саладағы жетістіктері үшін «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компаниялары арасында бірінші орын иеленді.
Авторы: Айнұр Қуатқызы