Энергетика саласының әлеуеті қаралды
Қазақстан энергетика саласына инвестиция тартуға баса мән береді.
Осы ретте еліміз жауапкершілігі жоғары орта держава ретінде беделді халықаралық ұйымдармен байланысын бекемдей түсуге мүдделі. Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа энергетикалық тәртіп: орта державаларға назар аудару» форумына қатысушыларға осындай үндеу жолдады. Оны Премьер-министр Олжас Бектенов оқып берді. Жиынға 50-ден астам елден 300-ден астам компания қатысты. 2,5 мыңнан астам делегат жиналған. Үкімет басшысы еліміз энергетика саласында ауқымды жобаларды іске қосқанына тоқталды. Соның бірі қуаты 500 мың тонна болатын полипропилен зауыты. Сондай-ақ жылына 1 млн тоннадан аса полиэтилен өндіретін жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек бутадиен, карбамид өндіру жобалары қолға алынды. 2030 жылға дейін жалпы құны $15 млрд-тан асатын алты жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қайта өңдеу көлемі де артып келеді. Жиында электр энергиясын өндіру және саланы цифрландыру мәселесі де айтылды.