Қазақстандық әйел ғарышқа ұшады

Қазақстандық Дана Қарағұсова американдық Blue Origin компаниясымен ғарышқа ұшады.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Экс-депутат Гүлжан Қарағұсованың қызы ғарышқа турист ретінде сапарлайды. Космоста болатын алғашқы қазақстандық әйел 41 жаста. Ол қатысатын миссия New Shepard бағдарламасымен басқарылатын 15-рейс болмақ. New Shepard зымыраны туристерді 100 шақырымнан сәл жоғары көтереді. Бұл халықаралық деңгейде ғарыш шекарасы деп саналады. Онда адамдар 3-4 минут бойы Жерді сыртынан тамашалай алады. Содан кейін туристер қайтып келеді. Ұшу уақыты шамамен 10 минутты құрайды. Бүгінге дейін Blue Origin  75 адамды ғарышқа жеткізді. Олардың арасында компанияның негізін қалаушы Джефф Безос, оның әйелі Лорен Санчес және әнші Кэти Перри бар.