Маңғыстау облысында үздік ұстаздар ұлықталды
Бүгін маңғыстаулық ұстаздар марапатталды. Облыс басшысы ерен еңбегімен ұрпаққа өнеге боп, ұлт мақтанышына айналған педагогтарға «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерін табыстады.
Мерекеге арналған салтанатты шараға ардагер ұстаздар мен ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде талмай талпынып жүрген 800-ге жуық адам қатысты.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, ерен еңбектері үшін бірқатар педагогты марапаттады. Оларға «Еңбек ардагері», «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері табысталды.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- Маңғыстау облысы Мәслихат депутаттарының қолдауымен мектептердің арасында сайыс туралы ережені бекіттік. Бюджет бөлдік. Бірінші орын алған мектеп ұжымына 3 айлық жалақы, екінші орын алған мектепке 2 айлық жалақы, үшінші орын алғанға 1 айлық жалақы берілді. Енді келесі жылы белсенділік танытасыздар деп ойлаймын.
Салтанатты жиында жыл басында жарияланған «Табысты мектеп» жобасының жеңімпаздары ұлықталды. Бірінші орынды Ақтаудағы мамандандырылған ІТ лицейі иеленді. Оларға ақшалай сыйлық пен көлік бұйырды.
Моншақ Ғайыпбаева, Ақтау қалалық ІТ лицейінің директоры:
- Қызметтік көлікті бүкіл мұғалімдер пайдаланады. Оқушылар керек болса пайдаланады. Сосын қалған қаржылай сыйлыққа мектепке қажетті өзіміздің құрал-жабдықтарымызды, мектептің кабинеттерін жабдықтауға пайдаланамыз.
Осы номинацияда Жаңаөзендегі №5 мектеп-гимназиясы да ерекшеленді.
Күләш Жүгембаева, Жаңаөзен қаласы №5 мектеп-гимназиясының директоры:
- Биыл мектебіміз үшін табысты жыл болды деп айта аламын. Қазақстан бойынша үздік 100 мектеп қатарына еніп, «Ең үздік мектеп» атағын иеленіп, Оқу-ағарту министрінің алғыс хатына ие болдық.
Сонымен қатар «Үздік колледж» байқауында Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі топ жарды. Білім саласында жетістікке жеткен 12 педагогқа облыс әкімінің арнайы төсбелгісі табысталды.
Авторы: Данияр Сұлтанұлы