Ұлытау облысында жылыту маусымына дайындық аяқталды
Ұлытау облысында биылғы жылу беру маусымына дайындыққа 36 миллиардтан астам теңге жұмсалды, деп хабарлайды 24kz.
Ұзақ жылдар жөндеу көрмеген құбырлар жаңартылып, бірнеше қазандық жөнделді. Жауапты мамандар: «Жылыту маусымын мерзімінен бұрын бастауға әзірміз», - деп отыр. Алла Илларионова жетекшілік ететін коммуналдық мекеме Жезқазғандағы көпқабатты 25 үйге қызмет көрсетеді. Көктемде басталған дайындық жұмыстары толық аяқталған. Мамандар қазір үйдегі жылу құбырларын қысымнан өткізіп, тексеріп жатыр.
Алла Илларионова, коммуналдық қызмет көрсету мекемесінің өкілі:
- 24 үй толық дайын. Жоспарлы жұмыс 100% орындалды. Соңғы 25-ші үйді бүгін-ертең тапсырамыз. Қазір онда жылу құбырларын жуып-шаю жұмыстары жүріп жатыр.
Жезқазғанда жылу желілерінің 52%-і тозған. Ескіргендердің дені орамішілік құбырлар. Негізгі магистралды құбырлар жаңартылып, диаметрлері ұлғайтылды. Жылу электр орталығының негізгі қондырғыларын жөндеуге 13 млрд теңге инвестиция тартылды. Алдағы қыста нысанның алты қазандығы жұмылдырылады.
Марғұлан Тайланбаев, ЖЭО Бас инженерінің орынбасары:
- 3 қазандық пен 3 бу турбинасы жөндеуден өтті. Алты қазандық жылыту маусымына дайын. Оның бесеуі қолданыста болады және тағы біреуі резервте тұрады. Биыл негізгі жабдықтарды жөндеу нәтижесінде орталықтың жылу мен электр энергиясын өндіру мүмкіндігі айтарлықтай өсті.
Сәтбаевтағы жылу станциясында үш қазандық ағымдық жөндеуден өтті. Республикалық қазынадан бөлінген 10 млрд теңгеге негізгі екі магистральды құбыр жаңартылды. Жылу қазандығынан бөлінетін зиянды шығарындыларды сүзетін эмульгатор орнатылды. Жалпы облыста 100-ден астам ірілі-ұсақты жылу қазандығы бар. Олардың барлығы алдағы маусымға дайындығын пысықтап үлгерген.
Ұлантай Үсенов, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары:
- Шайып, жуып, сол жұмыстарды аяқтап жатырмыз. Егер ауа райының орташа температурасы үш күннен артық төмендейтін болса, біз жылуды қосып жіберуге дайынбыз.
Биыл тартылған инвестициямен қоса есептегенде әзірлік жұмыстарына 36,6 млрд теңге жұмсалды. Бұдан бөлек, Жезқазғанда газбен жұмыс істейтін шағын қазандық салынып жатыр. «Ол іске қосылса, жылу орталығына түсетін жүктеме айтарлықтай төмендейді», - дейді мамандар.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева