Астанада Digital Bridge форумының соңғы күні өтіп жатыр
Бүгін Digital Bridge форумының соңғы күні. Үш күнге жалғасқан іс-шараға 80-нен астам IT компания мен 30-дан астам мемлекеттік орган қатысты. Ынтымақтастық туралы 21 меморандумға қол қойылып, стартаптар байқауының жеңімпаздары анықталды. Ең үздік технологиялық жобалардың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Digital Bridge форумының көрігін қыздырған құлтемірлер осы. Гуманоид роботтардың рингтегі сайысқа дайындығы сақадай-сай. Оларға жауапты инженер құдды бір бапкер сияқты қолғабын түзеп, ара-тұра қуаттап қояды. Шаршы алаңда роботтар жұдырықтасқанмен, бұл сайыс оларды саусақ ұшымен шебер басқарып отырған азаматтардың сынағы. Ал бұл оңай шаруа емес. Бұған көзіміз анық жетті.
Қалың көпшіліктің көңілін табуға тырысқандар көп. Стартаптар көрмесіне қатысушылардың қай-қайсысы болсын, жобасын танытып қалғысы келеді. Бірі инвестор тартпақ ниетпен келсе, енді бірі дайын өнімін нарыққа өткізбек ниетпен келіпті. Солардың бірі – өзбекстандық ІТ компанияның өкілі Дадамұхаммад Сәлімов. Ол осында мейрамханалардың қызметін оңтайландыратын жүйесін алып келіпті.
Дадамұхамед Сәлімов, Duckers компаниясының негізін қалаушы:
- Қазақстан нарығы өте қызық. Әсіресе, Астанадағы цифрлық индустрия нарығы таңқалдырды. Жалпы Қазақстан цифрлық индустрия жөнінен көптеген елден көш ілгері ғой. Сондықтан мұнда клиент тарту анағұрлым жеңіл. Мәселен, Астанадағы мейрамхана-дәмхана иелері біз ұсынған ІТ шешімді бірден жақсы түсініп, оң бағасын беріп отыр. Келгеніме міне, үшінші күн. Осы жерде екі клиент таптым. Енді Ташкентке оралған соң олармен жұмысымызды бастаймыз.
Стартаптар аллеясында онлайн мемлекеттік қызметтің цифрлық жүйелері, денсаулық сақтау мен білім берудегі ұтымды ІТ шешімдер, жасанды интеллектінің көмегімен адамның өмірін жеңілдететін жоба көптеп ұсынылған. Кәсібін оңтайландырып, табысын еселеткісі келетін жандар да, роботехникаға құмар адамдар да, бизнес серіктес іздеп жүргендер де қалағанын дәл осы алаңнан таба алады.
Авторы: Бақыт Топтаева