Абай облысының шаруалары 100 мың тонна дәнді-дақыл жинаған
Абай облысының шаруалары 782 мың гектар алқапқа егін егіп, 100 мың тонна дәнді-дақыл жинап үлгерген. Қазір өңірде тамшылатып суару әдісін енгізген диқандар көбейді, деп хабарлайды 24kz.
Мәселен Ақсуат ауданы Сәтпаев ауылында тұратын шаруа 300 гектар алқабын тамшылатып суарумен өсірген. Енді күнбағыс пен жоңышқадан мол өнім алуды жоспарлап отыр.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Қазір диқандар жиын-терім науқанына дайындалып жатыр. Шаруалар ең алдымен күнбағыстың басын осылай кесіп, сабағына қайта қадап қояды. Мұның барлығы оның тезірек кебуі үшін жасалады. Енді осы күйінде күнбағыс он күндеу тұруы керек.
Жиын-терім науқаны жақындаған сайын, алқапта жұмыс қыза түскен. Шаруашылық иесі биыл 300 гектар жерге күнбағыс және тағы сонша алқапқа жоңышқа еккен. Биыл егістіктен мол өнім алуды көздеп отыр.
Қуанған Тыңай, шаруа қожалығының басшысы:
- Бірінші суаратын адамнан үнемдейсің. Бұны орнатқаннан кейін бір-ақ адам суарады. Мотормен суарады, кнопка ашады, жабады болды. Бір ақ адам істеп тұрады. Бұл күндіз түні тоқтамайды. Өнімділігі де зор, тез суарылады.
Қуанған Тыңай биыл жауын-шашын аз болғанын айтады. Дегенмен, заманауи технологияның күшімен ылғал тапшылығы болған жоқ дейді.
Шаруа қожалығы маусым сайын 40 тан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Солардың бірі – Қаділет Қапыш, ала жаздай алқапта еңбек етті. Тамшылатып суару жүйесін бақылап, күзгі егін жинау науқанына өнімді дайындайды.
Қаділет Қапыш, Сәтбаев ауылының тұрғыны:
- Бұл күнбағысты еккеннен тартып алғанға дейін көзіміздің қарашығындай қараймыз. Өйткені табысымызды осыдан тауып жатырмыз. Бұл күзгі жиын терімге әзір, қазір басын кесіп комбайнға дайындап жатырмыз. Осы он бес күн ішінде боп қалады, Күн ашық болса. Соңғы жұмыстары енді негізгі.
Өңірде егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін 100 мың тоннадан астам астық жиналды. Биыл шаруаларға 21 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Жанармай ай сайын кестеге сай жеткізіліп жатыр.
Мадияр Сәкенов, Облыстық өсімдік шаруашылығы, техникалық инспекция және механикаландыру бөлімінің башысы:
- Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 21 мың тонна дизель отыны бөлініп отыр. Бағасы 253-254 теңгеден. Сондай-ақ қосымша тағы 2 мың тонна дизель отыны бөлінген. Қазіргі уақытта 4 мың трактор, 2,4 мың комбайн 700 орақ егін жинау науқанына тартылды.
Абай облысында жиын-терім науқаны қарашаның ортасына дейін жалғасады. Биыл өңір шаруалары 1 млн 200 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, Мәди Базарбеков