Кәсіпкер Келес ауданында 10 мың түп элиталық шабдалы көшетін жерсіндірді

Түркістан облысы Келес ауданында кәсіпкер шабдалының шетелдік сортын жерсіндірді, деп хабарлайды 24kz.

Түркияның Бурса қаласынан әкелінген элиталық көшеттер Біртілек ауылындағы 13 гектар жерге егілді.  Бұл көшеттің жергілікті шабдалыдан қандай айырмашылығы бар?

Жандос Жұмбаек, тілші:

- Жер емген диқан Нұржан Омаров 30 жылдан бері жылыжай шаруашылығымен айналысады. Былтыр оған шабдалы өсіру туралы ой келеді. Түркияға арнайы барып, бағбандармен жүздескен. Сүйекті жемісті өсірудің қыр-сырын үйреніп, көшетін алуға келіскен. Биыл көктемде 10 мың көшетті тамшылатып суғару әдісімен екті.

Нұржан Омаров, кәсіпкер:

- Өнімділік өте жақсы. Бір түп 60-70 келіге дейін өнім береді. Бізде көктемде гүлдеген кезде бірден суып кетуі мүмкін ғой. Соған біз сәл кештеу гүлдейтінін алдық. Тамыз, қыркүйекте піседі. Бірінші өз халқымызға жеткіземіз. Себебі шабдалы бізде өте аз. Базардың 5-10%-ін зорға қамтамасыз етеді. Келешекте біз әлі экспортқа да шығарамыз.

Кәсіпкердің айтуынша, көшеттердің тамыры мықты. Әбден сұрыптаудан өткен. Еуропалық талаптарға сай жетілдірілген. «Кемі 15 жыл, әр гектарынан 50 тоннаға дейін өнім береді», - дейді. Біздегі көп бағбан жеміс ағашының сапасына мән бермейді. Арзан көшетке алданып жататынын айтады. Өзі әр түпті 5 доллардан сатып алған.

Нұржан Омаров, кәсіпкер:

- Мына осы жерде 99% өсті. Көшеттің қымбаттығы, сапалылығы осы жерде көрінеді. Барлығы алды, өнді. Бір қате жоқ. Бірінші жылдың өзінде, біз енді кәсіби бағбан емеспіз. Ғаламторды қарап, өзіміз егуді бастадық. Тәуекелмен бәрі көгеріп, әдемі болып тұр.

Қожалық иесі бауын 100 гектарға жеткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін аудан әкімдігі шаруаға 30 жылдан бері игерілмей жатқан егістік алқапты ұсынған. Биыл жерді тегістеп, суару жүйелерін жүргізеді. Алдағы көктемде көшет егуді бастайды. Сонымен қатар кәсіпкер басқа шаруаларды да шабдалы егуге баулуда. Ол үшін түрік бағбандарын әкеліп, шаруалармен кездестірген.

Сүлеймен Жылқыбаев, аудан әкімінің орынбасары:

- Нұржан Омаровпен істеп жатқан кісілер келіп жерді көріп, көшеттің қанша уақытта өнім беретінін, қаншалықты тиімді, кепіл болатынын шаруаларға жеке түсіндірді. Егілген көшеттерді қалай күтіп-баптау керек екені бойынша да мастер класс көрсетіп кетті. Енді біз Алпамыс батыр ауылындағы шаруалармен келіссөз жүргізіп қойдық. Келесі жылы 60 гектар жерге шабдалы егетін жоспарымыз бар.

Түркістан облысында қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Бүгінгі таңда алма ағашы 16 мың гектарға орналастырылған. Шабдалы алқабының көлемі 423 гектарды құрайды. Биыл өңір бағбандары 2 мың тонна шабдалы өнімін жинады.

Авторлары: Жандос Жұмбаек, Ерболат Әбіш