Қостанайда ұстаздықты атадан балаға мирас еткен отбасы тұрады
Қостанайда тұратын Нұрбековтер отбасын көпшілік қауым ұстаздар әулеті деп таниды. Ерлі-зайыпты Жомарт Қазымбекұлы мен Сәуле Ғабдыжауатқызы отыз жылдан астам ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, деп хабарлайды 24kz.
Бүгінде олардың ұлағатты ісін балалары жалғастырып жүр.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Бұл әулеттің ұстаздық жолы өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастау алады. Арғы аталары Қазымбек пен Ғабдыжауат ауыл мектебінде 30 жылдан астам мұғалім болған. Олардың үлгі-өнегесі – артындағы ұрпаққа өмірлік азық.
Сәуле Елкеева, ардагер ұстаз:
- Атамыздың да, әкеміздің де бізге берген ақыл-кеңестері өте көп. Мысалы жас маман кезінде біз енді шыдамаймыз ғой енді, анда кетіп қалғымыз келеді, мында кетіп қалғымыз келеді. Сондай да: «Жоқ, ұстаздық деген ол – жауапкершілігі бар деп мамандық», - деп бізді солай тәрбиеледі.
Жомарт Қазымбекұлы мен Сәуле Ғабдыжуатқызының мамандығы – физик-математик. Олардың шәкірттері кезінде Алматыдағы физика-математика мектебіне шақырту алған. Өздерінен тараған төрт баласының да таңдаған жолы – мұғалімдік. Қос қария зейнеткерлікке шықса да, тәрбие беру ісінен де қалыс қалып жатқан жоқ.
Жомарт Нұрбеков, ардагер ұстаз:
- Қазір балалар қиындау, бұрынғы балалардай емес. Оларға тәрбие мен білімді бірдей беру керек. Міне, соны айтып отырамыз. Қазіргі мектеп жақсы. Бүкіл жағдай жасалған. Біздің кезімізде физикадан лаборотория жетіспейтін еді. Қазір барлығы да бар. Ол да жетістік.
Баласы Азамат пен келіні Ботагөз де физика информатика пәнінің мұғалімі. Екеуі де Заречный ауылында жаңадан салынған «Келешек мектебінде» жұмыс істейді.
Азамат Нұрбеков, информатика пәнінің мұғалімі:
- Менің мамам математикадан сабақ берген. Әкем физик болған. Одан кейін тарих сабағынан берді. Аталарым қазақ тілі, әдебиеті және нағашы атам математик болған. Мен өзімнің нағашым информатика саласында болғандықтан, сол кісіге еліктеп, сол информатика мамандығын таңдадым.
Осы түсірілім барысында ұстаздар әулетінің мерейін үстем еткен қуанышты хабардың куәсі болдық. Отбасының тұңғышы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Нұрбекова Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған әдеби байқаудың жеңімпазы атаныпты.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров