Павлодардағы мектепте робот жұмыс істейді

Павлодардағы №48 мектептің STEM зертханасында гуманоид  робот пайда болды. Бұл жоба «Келешек мектебі» оқушыларына жасанды интеллект бойынша білімін шыңдауға мүмкіндік береді.

Балалар сондай-ақ  мектеп қабырғасында жүріп дронмен жұмыс істеуді  үйренеді.

Қаңқасы берік металлдан жасалғанымен роботтың  қимыл-қозғалысы  икемді. Түрлі команданы   орындап, қарапайым әрекеттерді жасайды. Жаңашылдық оқушылар арасында  қызығушылыққа ие болып отыр.

Әлімжан Таукен, №48 мектептің информатика пәні мұғалімі:

- Бұл біз үшін жаңа дүние. Гуманоид роботпен жұмыс істеуді енді ғана үйреніп жатырмыз. Біртіндеп бағдарламалар құрып, түрлі кедергіден өте алатынын білдік. Сонымен қатар ол түстерді де ажырата алады.

Оқушылар роботпен танысып, оны іс жүзінде сынап көруге кірісіп кетті. Бұл балалар үшін тек қызықты жаңалық қана емес, жаңа форматта білім алуға берілген зор мүмкіндік. Жалпы роботпен жұмыс істеу өте қызықты. Оқушылар тапсырма беріп, оның қозғалысын бақылайды.

Санжар Боранбай, оқушы:

- Бізде STEM зертханасы және де робототехника кабинеті бар. Соның ішінде әртүрлі роботтармен жұмыс жасаймыз және ең қызықтысы ол - гумоноид роботы. Осы жерде жасанды интеллект өте үлкен рөл атқарады. Себебі робот тек қана дайын командаларға емес, өзі де жұмыстарды өзі істеуге тырысады.

Гуманоид роботтан бөлек, оқушылар дронмен де жұмыс істеуді үйренеді. «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған  алғашқы мектепте барлық инновациялық жаңашылдық қамтылған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков