Қарағанды облысында орман қоры ұлғайтылып жатыр

Қарағанды облысында 116 гектар орманды алқапқа 336 мың түп ағаш егіледі. Орман қорын ұлғайту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Мемлекет басшысы елімізде 2 млрд ағаш егу жөнінде тапсырма берген еді. Осы орайда өңірде 2027 жылға дейін шамамен 7 млн көшет егу жоспары бар.

Күзгі ағаш егу науқанына Қарағанды, Қу және Ақтогай орман шаруашылықтарының қызметкерлері жұмылдырылды. Жасыл белдеу қарағай, үйеңкі және қарағаш секілді ағаштармен толықтырылуда. Көшеттер алдымен тұқымбақта өсіріліп, кейін ормандағы бос алқаптарға жеткізіледі.

Эдуард Крюков, Орманды қалпына келтіру бойынша инженер:

- Біз ағаш егу жұмысын тек мемлекеттік орман қоры аумағында жүргіземіз. Алдымен ашық алқаптарды, ағаштары көп зақымданған жерлерді анықтап аламыз. Мақсат - орман алқаптарын қалпына келтіру және ұлғайту. Бұл экологиялық жағдайды жақсарту үшін маңызды.

Өңір бойынша 21мың гектар жер зерттеліп, небәрі 2800 гектар алқаптың ағаш егуге жарамды екені анықталған. Жасыл белдеулер   осы учаскелерде құрылады. Өңірде жасылды көбейту бойынша 2027 жылға дейінгі кешенді жоспар жасалды. Биылдың өзінде облыстағы орман алқаптары 439 гектарға ұлғайды.

Дулат Жұмабек, Қарағанды орман шаруашылығының бас орманшысы:

- Жыл сайын кем дегенде Қарағанды орман шаруашылығында 300 гектарға ағаш егіледі. Бұл біздің қаланың маңайын көгалдандыру, орманмен толықтыру негізгі міндетіміз.

Соңғы екі жылда облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, орман шаруашылығына көліктер мен тракторлар сатып алынды. Келесі жылы  замнауи тұқымбақ салу жоспарланып отыр. Бұл өңірдің ауа-райына жақсы бейімделген, өміршең көшеттерді өсіруге мүмкіндік береді.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит