СҚО-да еңбек өтілі ғасырдан асатын ұстаздар әулеті тұрады
Солтүстік Қазақстан облысында педагогика саласындағы еңбек өтілі ғасырдан асатын ұстаздар әулеті тұрады.
Гүлбаршын Анафина күйеуі және туған ағасымен бірге Петропавлдағы Смағұл Сәдуақасұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте сабақ береді. Сіңлісі де осы жолды таңдады. Олардың бұл мамандыққа деген махаббаты неден туды?
Гүлбаршын Анафина - алгебра және геометрия пәнінің мүғалімі. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлық қызметін де қатар алып жүр. Оның жалпы еңбек өтілі – 27 жыл.
Гүлбаршын Анафина, С. Сәдуақасұлы атындағы №2 мектеп директорының орынбасары:
- Мен мамандық таңдаудан жаңылмаған жанмын. Мұғалім болатынымды мектеп қабырғасынан білдім. Оның ішінде математика пәнін таңдадым. Өзімді басқа салада елестете де алмаймын. Бұл менің сүйікті ісім.
Гүлбаршынның күйеуі, туған ағасы мен сіңлісі де мұғалім болды. Асхат Құрманғожин тарих пәнінен сабақ береді. Алдынан өткен талай оқушы түрлі деңгейдегі білім сайыстарында топ жарып, үмітін ақтады. «Ұстаздық – бұл өмірлік миссия», - дейді педагог – зерттеуші.
Асхат Құрманғожин, тарих пәнінің мұғалімі:
- Осы мамандықтың негізгі миссиясы деп ойлаймын. Біз басынан бастап тек қана сабақ берумен емес, тәрбиемен айналысамыз. Келешек ұрпақты тәрбиелейміз. Осы тәрбиелеу жолында еліміздің келешегін ойлаймыз.
Бұл әулетке мұғалімдік таңсық мамандық емес. Олардың бұл жолға түсуіне анасы Ақжарқын Ыбыраева әсер еткен. Ол өмір бойы ауыл мектебінде жұмыс істеген ұлағатты ұстаз болды. Бәрінің жалпы еңбек өтілі бір ғасырдан асады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков