Түркістан облысында алма теру науқаны қызу жүріп жатыр

Ауа райы салқын таулы аудандарда Италияның күзде пісетін алма сорты жерсіндірілген, деп хабарлайды 24kz.

Қазығұрттық бағбандар жеміс ағашының жаңа сортынан мол өнім алуда. Бұл көшеттердің жергілікті алмалардан қандай айырмашылығы бар? Бағасы мен өнімділігі қандай?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Шарбұлақ ауылындағы өндірістік кооператив 10 жыл бұрын 120 гектар жерге қарқынды бау еккен. Қазір мұнда жаппай алма теру науқаны жүріп жатыр. Шаруашылықта 30 жұмысшы еңбек етсе, өнім жинайтын кезде тағы 150-дей адам тартылады.

Айгүл Тілемісова, жұмысшы:

- Бірінші жазғы алма теріледі. Одан кейін арасында қызыл алма, сары алма бар. Екеуі теріледі. Таңғы сағат 07:30-да келіп, кешкі 17:00-де қайтамыз. Осы жерде істеп жатқаныма 7 жыл болды. Алма теру қиын емес, қораптарға тереміз, оны тоңазытқышқа сақтайды. Ол жерде бәрін реттейді. Тұрақты алымшылар келіп тұрады, соларға теріп береміз.

Шаруашылықта шетелдік алма сортының бес түрі өсіріледі. Бағбандар Голден делишес, Ред делишес, Фуджи, Гала және Гренни смит сорты ыстыққа төзімді, оңтүстіктің ауа райына қолайлы келетінін айтады. Бау тамшылатып суарылады. Қазір піскен жеміске сұраныс көп. Алқап басынан сұрыпталған алманың келісін 350 теңгеден өткізіп жатыр.

Жарылқасын Айтуғанов, бас агроном:

- «Біздің бақтың ерекшелігі – қарқынды бақ», - дейді. Жаңа технология Еуропадағы көп қолданылған бақтар. Біздің жылдық өнім қуаттылығы 5 мың тонна. Гектарына 35-40 тоннадан орташа өнім аламыз жылда. Қарағанды, Астана, Атырау, Шымкент қалаларына, кейде Ресей Федерациясына да экспорт жасаймыз.

Жалпы облыс аумағында 14 мың 300 гектар алма бауы бар. Бұл республикадағы жеміс ағашының 43%-і. Баудың дені негізінен ауа райы салқын Төлеби, Түлкібас және Қазығұрт аудандарында орналасқан.

Ақтөре Түймебек, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысын:

- Биылғы жылы 181 гектарға қарқынды алма баулары салынды. Қарқынды бау 3,3 мың га құрады. Негізі дәстүрлі алма баудан га 5-6 тонна өнім алатын болса, қарқынды баудан 30-35 тонна өнім алынуда. Жалпы биылғы жылы өндірілген алманың 2,3 мың тоннасы экспортталды. 22 жеміс өңдейтін кәсіпорындарымыз бар. Одан бөлек, сыйымдылығы 117 мың тоннаны құрайтын 36 бірлік көкөніс сақтайтын қоймамыз бар.

Шілде айында басталған терім жұмыстары қазан айының ортасына дейін жалғасады. Қазір өңірде 14 мың гектар алмадан 70 мың тоннадан астам жеміс жиналды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш