Жезқазғанда жалпы еңбек өтілі 200 жылға жуық ұстаздар әулеті тұрады
Жезқазғанда ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ұстаздықты таңдаған әулет тұрады, деп хабарлайды 24kz.
Сайдалиндер отбасындағы мұғалімдердің жалпы еңбек өтілі 200 жылға жуықтады. Бір әулеттен шыққан онға жуық педагог үлкендер бастаған жолды абыройлы жалғады. Олардың қатарында тәрбиешіден бастап ғылым магистріне дейін бар.
Сайдалиндер үшін ұстаздар күнінде үлкен үйде бас қосу бұлжымас дәстүр. «Бұл – мәртебелі мамандыққа баулыған анамызға деген құрметтің белгісі», - дейді олар.
Жанна Сайдалина, тәрбиеші:
- Менің анам өзі 25 жылдай мектепте кітапханашы болып жұмыс істеді. Біз сол балалары анашымның жолын қуып мұғалімбіз. Үлкен ағамнан бастап жеті ағайынбыз, соның 5-еуі мұғалімбіз.
Үздіксіз ізденісті талап ететін ұстаздық жолды ер азаматтар көп таңдай бермейді. Бірақ Сайдалиндер отбасында керісінше. Үйдің үлкені Қайрат 25 жыл шәкір тәрбиеледі. Ағадан үлгі алған қарындастары осы жолмен жүріп келеді. Жанна балабақшада, Сағадат оқушылар сарайында тәлімгер. Ал, Бағдат жүздеген шәкіртке оң-солын танытып, әріп үйреткен бастауыш сынып мұғалімі. Олардың балалары да үлкендердің жолын жалғаған.
Бағдат Сайдалина, бастауыш сынып мұғалімі:
- Ұстаз бойынан екі-ақ дүниені талап етеміз. Біріншісі терең білім болса, екіншісі үлкен жүрек. Үлкен жүрекпен берілген тәлім-тәрбиеге толы білімді ұрпақ тәрбиелеу – біздің міндетіміз.
Мархаба Толықбаева, ағылшын пәні мұғалімі:
- Бізде туыс-туғанымыз болсын, бөлелеріміз болсын, барлығымыз ұстаздармыз. Бірге жинала қалсақ, болды айтатын әңгімеміз оқушылар, ұстаздар, пәндеріміз, сабақтағы қиындықтар, қызықтар барлығын бөлісе отырып сыр шертеміз. Қызығы да сонда деп ойлаймын.
Сайдалиндер әулетіндегі мұғалімдердің жалпы еңбек өтілі 200 жылға жуық. «Болашақ ұрпағымыз да осы сабақтастықты үзбей ұстаздар династиясын қалыптастырса», - дейді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үзікбаев, Гүлшаһира Серекбаева