Қобыланды батыр кешеніне жыл сайын 8 мыңға жуық турист барады
Тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енген Қобыланды батыр мемориалдық кешеніне жыл сайын 8 мыңға жуық турист барады, деп хабарлайды 24kz.
Ерекше сәулет үлгісімен салынған мазардың биіктігі 17 метрден асады. Кесене жанында аңыз бойынша батыр қылышын қайраған алып тас жатыр. «Тарихи нысанды көргісі келетіндер көбеюде», - дейді өлкетанушылар. Бұл қызығушылық кешен тұрған Жиренқопа ауылының дамуына да оң әсер етті. Шағын ауылдың тіршілігі жанданып, әлеуеті жақсарып қалды.
Жиренқопаға Ақтөбеден күніне бір мезгіл автобус қатынайды. Түс ауа автовокзалдан шығатын автобуста бос орын болмайды.
Бағдат Омарғалиев, автобус жүргізуші:
- Қобыланды батырға барушылар жиі кездеседі. Шетелдің азаматтары автобуспен емес, жеңіл машиналармен тоқтатып, «Жиренқопа қайда?» деп Қобыланды батырдың кесенесін сұрап, солай қарай кездесетін адамдар болады.
Мемориалды кешеннің ауыл дамуына сеп болғаны рас. Қара қыпшақ Қобыландының дәл осы Жиренқопа топырағында жерленгенін ғалымдар дәлелдеді. Кешенді зерттеу жүргізілді.
Рахат Орынбасар, «Қобыланды батыр» мемориалдық кешенінің қызметкері:
- 2004-2005 жж «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қобыланды батырдың сүйегі бар екені анықталып, қазақтан шыққан антрополог-академик Оразақ Смағұлов пен қызы Айнагүл Смағұлова Мәскеуге барып, сол сүйекті алып, рұқсатын алып зерттейді. Зерттеу нәтижесінде 99% Қобыланды батыр екені анықталып, алғашқы бет-бейнесі жасалып, Жиренқопа ауылына 2006 жылы тамыз айында әкеліп жерленеді.
Тарихшылар бұл жерде XV ғасырда тұрғызылған кесененің болғанын айтады. Уақыт өте ол қирап тек солтүстік және батыс бұрышының кірпіштері мен белгітасы қалған. Ел мен жерін білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған қолбасшының жаңа кесенесі 2007 жылы тұрғызылды.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Қобыланды батыр кешені салынғаннан кейін Жиренқопа ауылында сапар орталығы ашылды. 12 адамға арналған қонақ үйі батырдың басына зиярат етіп келген меймандарға арналған. Мұнда қысы-жазы қонақ арылмайды.
Ақорын Манашева, ауыл тұрғыны:
- Кешеніміз жанданғаннан кейін көшелеріміз дұрысталып, асфальт салынып біраз жұмыстар жүргізілді ауылымыз. Қазіргі уақытта ауылымызда бос үй жоқ деп айтуға болады. Өйткені ауылымыз жайлап көтеріліп, гүлденіп келе жатыр. Амбулатория жаңадан салынып, мектеп жаңадан салынды.
Жиренқопада 600-ге жуық тұрғын бар. Негізігі табыс көзі ауыл шаруашылығы болғанымен дүкен, шаштараз, дәмхана сияқты қызмет көрсету орындары бар. Шағын бизнеске ден қойғандар қатары күн санап артып келеді.
Амандық Манашев, ауылдық округ әкімі:
- Ауылдан көшіп кетулер саны азайып, ауылда тұрақтанып жатыр. Орналасып жатқан жастар да бар. Жиренқопа ауылында енді барлық әлеумсеттік нысандармен қамтылған. 11 жылдық мектеп те жұмыс істеп жатыр. Соңғы жылдың динамикасын алатын болсақ, оқушы саны тұрақты.
Жиренқопа ауылында биыл ауызсу желісі жаңартылып жатыр. Ол үшін тиісті құжаттар рәсімделген Аудан басшылығы: «Шекараға жақын орналасқан елді мекенге көгілдір отын да жетеді», - дейді. Бюджеттен қолдау болса, этнотуризмнің үлгісі болған ауылға газ желісі келесі жылы жүргізіледі.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов