Таулы аймақтардағы көлдерден келетін қауіп сейілді

Биыл еліміздегі мореналық 15 көлге бақылау жұмыстары жүргізілді.

Бұл көлдер таудағы мұздықтар еріп, етегіне су жиналған сәтте пайда болатын, яғни табиғи су қоймалары. Егер ернеуінен асса, сел жүру қаупі бар. Мамандар жаз бойы осындай көлдерді бақылап, қажетті жұмыстарды атқарды. Бүгін тікұшақпен Алматы маңындағы мұздықтарды тағы бір барлап қайтты. 

Алуа Ералықызы, тілші: 

- Қауіптің алдын алу тек табиғатты емес, тұтас елді қорғау. Мамандардың айтуынша, мореналық көлдер үнемі бақылауда. Өйткені, мұздықтар еритін кезеңде олардың тасу қаупі жоғары. Ал биыл бақылау жүргізілген 15 көлде жағдай қазір тұрақталған. 

Тікұшақтан қарағанда тау арасындағы көгілдір көлдер бейне бір табиғаттың інжу-маржанындай. Бірақ мамандардың назарында осы сұлулықтың қауіпсіздігі. Олар төрт мың метр биіктікке дейін ұшып, әр көлдің жағдайын тексереді. Ел аумағында 1000-ға жуық мореналық көл бар. Соның ішінде қауіпті деп танылғандарының алтауы - Алматы қаласының маңындағы тауларда орналасқан. Олардың қатарында Түрген мен Ақсай өзені алаптарындағы су қоймалары бар.

Бауыржан Әбішев, "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары:

- Көлдің деңгейі едәуір төмен түскен. Нәтижесінде біз маусымда жұмыс жасаған бақылау бекеттерімізді алдық ол жерден. Жұмысын тоқтаттық. Осы эвакуациялық каналдар мен трубалардың көмегімен құбырлардың жалпы 6 миллионға жуық су тасталынды. Сәйкесінше барлық 15 көлдің жағдайы қазір қауіпсіз.  

Биыл аптап ыстықта мұздықтар әдеттегіден тез еріп, көлдер де тола бастаған. Бірақ дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында тауда бір де бір сел тіркелмеген. Қазір ауа райы салқындап, көлдердің беті жұқа мұзбен жабылған. Су деңгейі төмен.

Самат Дәуленқанов, "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесі алматы филиалының басшысы: 

- Биылғы жылы біз 6 көлде жұмыстар жасадық. Олардың деңгейін 1,5 метрге дейін төмендетіп, сол сел жүру қаупін алдын алып, бүгін сол жұмысты аяқтап отырмыз. Мамыр айынан бстап осы қыркүйек айының ортасына дейін сол тауда боламыз. Мореналық көлдердің жағдайларын бақылаймыз. 

Әр маусым сайын көлдерге әуеден бақылау жүргізіледі. Тікұшақ айына 2 рет ұшып, мореналық су қоймаларының деңгейін жіті бақылап отырады. Сонымен қатар тауда 18 гидробекет тәулік бойы су деңгейін өлшеп, мәлімет беріп тұрады. 

Алуа Ералықызы, Кенже Амраев