Түркия жертөлені паналауға дайындалып жатыр, қатер қайдан келеді?

Түркия жертөлелерді тексеріп, төтенше жағдайға дайындығын тексеріп жатыр.

Бұл жақта биік үлердің жертөлесі "паналау орындары" деп аталады. Оның өзіндік себебі де бар. Жаңа ережеге сәйкес жаңа құрылыс нысандарында арнайы жертөлелер қарастырылуы тиіс. Сонымен Анадолы қандай қауіпке қарсы қамданып жатыр? Себеп не? 

Әсия Нұрлыбаева, тілші: 

- Түркия аумағының шамамен 90 % сейсмикалық белсенді аймаққа жатады. Ел жер сілкінісі жиі болатын Анадолы тақтатасының үстінде орналасқан. Төңірегін қоршаған Африка мен Еуразия плиталары да үздіксіз қозғалып жатыр. Сол себепті аймақта кез келген уақытта жойқын зілзала болуы мүмкін. 

Ресми дерекке сүйенсек, кейінгі 125 жылда Түркияда 7 балдан жоғары 19 жер сілкінісі тіркелді. Осыдан 3 жыл бұрын Кахраманмараш зілзаласында 11 провинция зардап шегіп, ондаған мың адам опат болды. Апат айтып келмейді. Сол себепті жергілікті билік бұл жолы төтеден келетін қауіпке дайындыққа мықтап кіріскен. Былтыр «Паналау орындары туралы» ережеге өзгеріс енгізіліп, жаңадан бой көтеретін тұрғын үй, қонақүй, кәсіпорындар мен жатақханаларға паналау орындарын салу міндеттелді.

Хайдар Атеш, сарапшы:

- 1999 жылғы жер сілкінісі Түркия үшін үлкен сабақ болды. Бұған дейінгі ғимараттарда паналау орны міндеттелмеген еді. Кейін бұл мәселе заңнамада нақты талап ретінде қарастырыла бастады. Себебі апат кезінде адамдардың қауіпсіз жерге жиналып, қорғануына мүмкіндік болуы керек. Бұрын ғимараттың астында тек іргетасы төселетін. Енді паналау орны орналасады. Шамамен әр жертөле 10 метр тереңдікте салынады. 

Әсия Нұрлыбаева, тілші: 

- Бірақ қауіп тек табиғи апатпен шектелмейді. Төңірегін соғыс өрті шарпыған Түркияға қатер кез келген уақытта төнуі мүмкін. Сондықтан сарапшылар: "Әлемдегі геосаяси ахуал өзгерген сайын азаматтық қорғаныс жүйесіне қойылатын талапты да күшейту керекі, - дейді.

Хайдар Атеш, сарапшы:

- Түркияның географиялық жағдайына сәйкес ықтимал соғыс қаупін де ескеруге тура келеді. Солтүстікте Украинадағы соғыс, оңтүстікте Таяу Шығыстағы тұрақсыздық, шығыста Кавказдағы шиеленіс бар. Біз НАТО мүшесіміз. Ал Түркия өзінің қауіпсіздігін одақтастарына артып қоя алмайды. Қандай жағдай болмасын, ел өз халқын қорғауға дайын болуы тиіс. Ал мұндай паналау орындары тек апат кезінде емес, соғыс жағдайында да бейбіт тұрғындарды қорғауға мүмкіндік береді. 

Әсия Нұрлыбаева, тілші: 

- Жаңа ережеге сәйкес 10-нан астам дербес пәтері бар жаңа тұрғын үйлерде паналау орны болуы міндетті. Сондай-ақ 50-ден астам төсегі бар жатақхана, қонақүй мен 25 және одан көп орынға шақталған кейбір күтім үйлері мен медициналық мекемелерге де дәл осындай талап қойылды. Бұған қатысты бұқараның да базынасы бар. Айтуларынша, бұған дейін салынған паналау орындарының сапасы сын көтермейді. Енді жертөлелер талапқа сай салынар деген үмітте. 

Әсия Нұрлыбаева, тілші: 

- Жаңа ережеге сәйкес паналау орындары бейбіт уақытта басқа мақсатта пайдаланылуы мүмкін. Бірақ төтенше жағдай кезінде дереу іске қосылуға тиіс. Бұл орындардың құрылысын 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланған. 

Авторы Ә.Нұрлыбаева

Сондай-ақ оқыңыз: