Көкшетауда мектептегі бақылау жүйесіне ЖИ енгізілді
Көкшетауда мектептегі бейнебақылау камералары жасанды интеллект элементтерімен жабдықталды. Білім ошағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін 170 құрылғы артық қимылды назардан тыс қалдырмайды. Оқушылардың мінез-құлқын бақылап, агрессиялық іс-әрекетті бірден анықтайды. Сандық жүйе санаулы секундта дабыл қағып, келеңсіз жағдайдың алдын-алуға көмектеседі.
Техникалық мектеп-лицейде 1500 бала білім алады. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа оқу жылынан бастап ақылды камерлар іске қосылды. Осылайша, тың технологияның көмегімен оқу ордасындағы буллингті бірден анықтауға болады.
Әсемгүл Тоқтамысова, қала тұрғыны:
- Менің осы мектепте 2 балам оқиды. Ұлым бірінші сыныпқа келді биыл. Қызым 5-ші сыныпта оқиды. Жалпы ата-анаға балаға оқу орнын таңдаған кезде қауіпсіздік бірінші орында тұрады. Сондықтан осы мектепті таңдадық. Яғни мектептегі орнатылған бейнебақылау камералары оқушылардың қауіпсіздігінің басты тетігі деп білемін.
Бейнебақылау камералары салаға жауапты мамандардың да жұмысын жеңілдетеді. Мәселен, мектептегі екі психолог барлық оқушыны бірдей қадағалай алмайтынын жасырмайды. Сондықтан олар да ақылды камераның көмегіне жүгінеді. Тәртіпсіздік жасап, таспаға түскендермен жеке түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
Милана Елукеева, психолог:
- Мектепте буллинг болған жағдайда сол оқушылармен сауалнама жүргіземіз. Егер ол оқушы біздің сөзімізге жүгінбесе, тыңдамаса қайталанса біз оның ата-анасын шақыртуға мәжбүр боламыз. Сол ата-анамен сұхбат, сауалнама жүргіземіз.
Заманауи техника тек оқушылардың ғана емес, мұғалімдердің де көңіл-күйін анықтай алады. «Жалпы сандық жүйе іске қосылғалы оқу ордасындағы келенсіз жағдайлар азайды», - дейді мектеп басшысы.
Тілеген Амангелді, мектеп директоры:
- Басында ақпарат көп түсіп жататын. Балалар бірін-бір итеріп, шалып қалған жағдайда. Соның бәрін камера бізге жіберіп, қазіргі кезде тәрбие жөніндегі орынбасарлар соның бәрін алдын алып, жұмыс жасады. Соңғы кезде хабарламалар аз түседі. Тәртіпті сақтау керектігін барлығы біледі.
Айта кету керек, бұл облыс бойынша ғана емес, еліміздегі ақылды камералар орнатылған алғашқы мектеп. Жауаптылар алдағы уақытта тың технологияны басқа да білім ошақтарында жүзеге асыруды көздеп отыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный