Құрылыс саласында жаңа ережелер ұсынылды

Елде құрылыс сапасына қойылатын талап күшейеді, бақылау қатаяды. Бүгін Мәжілісте осыған басымдық беретін Құрылыс кодексі бүге-шігесіне дейін талқыланды. Пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің кепілдік мерзімі де ұзарады. 

Шерхан Абзалұлы, тілші:

- Бүгін мәжіліс мінберінде Құрылыс кодексі жобасы мен құрылыс саласына қатысты заңдарға өзгеріс енгізу туралы құжат талқыға түсті. Бұл мемлекет басшының тапсырмасы аясында әзірленген. Аталған заң жобасындағы жаңа өзгерістерде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді жағдай жасау, мамандарды сертификаттау, сейсмикалық аймақтарда қауіпсіз құрылыс жүргізу мәселелері ескерілген. Одан өзге құрылыс нысандарына берілетін кепілдік мерзімі екі жылдан бес жылға дейін ұзармақ. Депутаттар да саладағы тәртіпті күшейтетін кез келді деп отыр. Себебі кейбір ірі компаниялар мен тапсырыс берушілер өз жобасын өз бетінше жүргізіп, бақылау әлсірегенін айтады.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Барлық құрылыстар сапалы болу керек. Біз кепілдікті көтеріп жатырмыз. 2-ақ жыл еді. Біз 10 жылға дейін құрылыстың кепілдігін, әкімдердің жауапкершілігін көтереміз. Кез келген әкім шешеді, тек қана қоғам бақылауымен өтеді. Әр олигархтар, ірі компаниялар өздерінің проект сызатындары, техникалық қадағалауы бар, әбден тәртіптен кетті. Мемлекеттің бақылауды ірі құрылысқа қайтаратын боламыз. Негізінен  бір орта институт болады, барлық проекттерді солар ғана сызады.

Шерхан Абзалұлы, тілші:

- Осылайша, көптен бері өзекті болып келген Құрылыс кодексінің жобасы жөнінде бірінші оқылым өтті. Бұған қатысты барлығы 1725 түзету ұсынылып, 52 жұмыс тобы кеңейтілген комитет отырыстарында талқыланған. Құрылыс кодексіне аталған өзгерістер енгізілген жағдайда саладағы жауапкершілік артып, құрылыс сапасына қойылатын талаптар күшейеді деп күтілуде.

Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Марат Диханбаев