Түркістан облысында «AQ-DALA» мақташылар фестивалі өтті

Түркістан облысында «AQ-DALA» мақташылар фестивалі өтті. Шарада Отырар ауданы мен Арыста 32 мың гектарға жаңа технологиямен егілген мақта шаруашылығының жұмысы таныстырылды.

Жоба тұтынылатын су көлемін 50 пайызға дейін үнемдеу арқылы өнімділікті екі-үш есе арттыруды көздейді. Биыл өңір диқандары 50 мың гектар мақта алқабын тамшылатып суарды. Бұл жалпы егіс көлемінің үштен бірі. Фестивальде шетелдік инвестордың жаңа технологиямен егілген алқапқа экскурсия жасалды. Мақта тойында өңір басшысы Нұралхан Көшеров салаға инвестор тарту мен тың технологияға көшудің маңыздылығын атап өтті.

Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:

- Осы күнге дейін диқандарымыз 1 гектар мақта алқабынан 25 цт өнім алды. Қазіргі таңда су үнемдеу технологиясын ендіру арқасында, біз 1 га 60-65 цт-ден өнім алып отырмыз. Мақтаны тек шикізат күйінде ғана емес, дайын өнімге айналдырып, өзіміздің тоқыма өнеркәсібімізді дамыту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бес мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жүруде. Жылына 193 мың тонна құрайтын, нәтижесінде 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орныдары ашылады деп жоспарлап отырмыз.

Қазір шаруалар заманауи технология арқасында ақ алтынның 55 пайызын жинап үлгерді. Мақта бағасы 250 теңге деп белгіленді.

Мейірхан Батырхан, шаруа:

- 723 га мақта алқабымыз бар. Қазір жаңа технологияларды көрдік. Тамшылатып қалай егу керек? Артына жинайтын комбайндарды көрдік. Болашақта біз де соған өтуіміз керек. Қазір жұмыс қолы тапшы.

Облыс шаруалары жыл соңына дейін 470 мың тонна шитті мақта жинауды жоспарлап отыр. Өңірде 25 мақта зауыты мен 175 мақта қабылдау бекеті бар. Жиын соңында бірқатар еңбек адамына мемлекеттік наградалар мен алғыс хаттар табысталды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов