Қарағанды облысында жаңа туристік бағыттар пайда болды

Қарағанды облысында ішкі туризм белсенді түрде дамып келеді.

Өңірде жаңадан ашылған Visit Qaraganda ақпараттық орталығының мамандары әлеуметтік-экономикалық және тарихи маңызы бар орындар бойынша туристік маршруттар әзірледі. Басты мақсат -туристерге аймақты жан-жақты таныстыру. Солардың бірі – «Индустриялды Қарағанды» маршруты.

«Индустриялды Қарағанды» туристік маршруты Теміртау қаласынан басталады. Бұл - бай тарихы бар металлургия орталығы. Туристер Қазақстан магниткасының тарихынан сыр шерткен мұражайды, түрлі тропикалық ағаштар мен өсімдіктер өсетін қысқы бақты аралап және құрышты шаһардың басты ерекшеліктерінің бірі -трамвайға міне алады. Теміртау трамвай паркі қайта жаңғыртылды. Қазақстанда бұл рельсті көлік түрі тек үш-ақ қалада - Теміртау, Өскемен және Павлодарда ғана жүреді. Келген қонақтар металлургтер мекенінің атмосферасын сезіну үшін трамвайға мінеді.

Қуан Тоқсанов, Орал қаласының тұрғыны:                               

- Бір жағынан экологияға да жақсы. Тоқпен жүреді, түтіндемейді. Адам еркін демалады. Теректері де көп, жасыл. Көшелері кең екен жақсы.

Туристерге кеншілер өлкесінен шынайы әсер қалдыру үшін маршрутқа тау-кен колледжінің оқу шахтасына экскурсия енгізілген. Мұнда көмір өндірісіне қатысты мол мағлұмат алады. Бағдарламада сондай-ақ жұмыс істеп тұрған заманауи кәсіпорындарға бару да қарастырылған. Соның бірі - экологиялық таза тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын зауыт. VISIT QARAGANDA туристік ақпараттық орталығы осындай маршруттармен қатар жол сілтейтін онлайн қызметті де әзірлеген. Ол әлемнің кез келген нүктесінен қолжетімді.

Бақтияр Бекмұрзаев, «Vizit Qaraganda» туристік-ақпараттық орталығының директоры:

- Жасанды интеллект арқылы чат әзірленді. Ол чат WhatsApp мессенджерінде барлығына қолжетімді. Әлемнің 180 тілінде кез-келген сұраққа жауап береді. Мысалы, Қарағандыда бірінші қайда баруыма болады немесе мен Қарқаралыға барғым келеді, маған маршрут сызып бер деген сияқты. Осылардың барлығын маршрутқа өзі сызып береді.

Бүгінде Қарағанды облысы туризмге инвестиция салғысы келетін кәсіпкерлер үшін тартымды өңірге айналып отыр. Биыл бұл салаға 13,8 млрд теңге инвестиция құйылған. Соның негізінде Қарқаралы, Бұйратау, Қызыларай таулы өлкелері мен Балқаш көлі жағалауында туризм жан-жақты дамуда.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит