Қазақстандықтардың Катарда заңды жұмыс істеуіне жол ашатын келісімге қол қойылды
Бұдан былай қазақстандықтар Катарда заңды түрде жұмыс істей алады.
Екі мемлекет ресми келісімге келді. Ондағы мақсат – Қазақстан азаматтарының Катардағы құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету. Келісімге сай, аталмыш елдегі компаниялар отандастарымызды жұмысқа шақыратын болса, қазақстандықтарды жәрдемақы, медициналық қызмет, басқа да әлеуметтік міндеттемелермен қамтуы тиіс. Жұмыс беруші тарап бекітілген ережелерді өз бетінше өзгерте алмайды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қаралған келісім Қазақстан азаматтарының Катар мемлекетінде жұмысқа орналасуы үшін құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Осы мақсатпен тараптар арасында туындайтын қатынастар жан-жақты реттеліп отыр. Алдағы уақытта бұл заң Катар мемлекетінде жұмыс істейтін азаматтарымыздың құқықтарын толық қорғауды қамтамасыз етуге өз үлесін қосады деп сенеміз.