Қапшағайға мыңдаған шабақ жіберілді
Қапшағайға ақ амур, дөңмаңдай, сазан, тұқы балықтарының мыңдаған шабағы жіберілді.
Ашық су айдындарындағы балық қорын сақтап, көбейту мақсатында балықтандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзеге асатын жобаға табиғатты пайдаланушылар да атсалысады.
Балқаш-Алакөл бассейнінің су айдындарына биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша құнды балық түрлерінің 2 миллионға жуық шабағын жіберу жоспарланған. Соның 600 мыңы Қапшағай су қоймасына, 200 мыңы Алакөлге, 300 мың шабақ Балқаш көліне жіберіледі.
Ринат Кұмашев, Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:
- Аталған жұмыстар Балқаш-Алакөл су айдындарының ресурстарын, балық ресурстарының өсімін молайтуға арналған. Сонымен қатар балық шаруашылығы субъектілері ағымдағы жылы 1 млн 600 мыңнан астам балық жіберуі жоспарланған. Аталған жұмыстар осы қаңтар айына дейін бітетін болады.
Көлге жіберілетін шабақтарды арнайы құрылған комиссия мүшелері санап, сапалық тұрғыдан тексереді. Әр шабақтың салмағы 12-20 граммнан кем болмауы тиіс.
Мәрлен Тұрсынәлі, "Qazaq Balyq" қауымдастығы Алматы облыстық филиалының төрағасы:
- Енді белгілі бір көлемде Қапшағайда, Балқашта, Алакөлдегі қазіргі зерттелген жұмыстарға қарағанда балық қорларының азайғандығы байқалуда. Оның бір жолы осылай балықтарды қолдан жіберу арқылы сол балықтарды толтыру арқылы жүргізіледі. Әрине бұл деген тағы да балық өсірушілерге импульс беретіндігі анық.
Шабаққа деген сұраныс артса, балық өсіру көлемі де едәуір ұлғаяды. Алматы облысында былтыр 5 мың тоннаға жуық тауарлы балық өндірілді. Биыл бұл көлемді 6,5 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Жандос Ысмайылов, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
- Алматы облысының аумағында 42 тауарлы балық өндіретін шаруашылық қазіргі таңда жұмысын атқаруда. Жыл басынан 300 млн теңге көлемінде субсидия төленді. Жыл аяғына дейін қосымша қаражат қарастырылып, «балықшы.кз» арқылы берілген өтінімге сәйкес төленетін болады.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, елімізде 2030 жылы балық етін өндіру көлемі 270 мың тоннаға жетуі тиіс. Соның 10 пайыздайы Алматы облысында өндіріледі. Ол үшін жабық тоғандар мен жасанды көлдерді көбейту қажет. Кәсіпкерлердің балық шаруашылығын құруға жұмсаған қаржысының бір бөлігі мемлекет тарапынан инвестициялық субсидия ретінде қайтарылады.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов