Қапшағай мен Ілеге 700 мың шабақ жіберілді

Алматы облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында «Өзенді балыққа толтыру» акциясы өтті. Аталған іс-шара барысында Қапшағай су қоймасы мен Іле өзеніне 700 мың дана тұқы тұқымдас балық шабағы жіберілді, деп хабарлайды 24KZ.


«Таза Қазақстан» – тек тазалық шарасы емес, табиғи байлығымызды сақтауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған жалпыұлттық бастама. Оның маңызды бағыттарының бірі – су экожүйесін сақтау және балық ресурстарын молайту. Былтыр облыстың су айдындарына 3 млн-ға жуық балық шабағы жіберілген.

Бақытнұр Бақытұлы, облыс әкімінің орынбасары:

– Іле өзеніне балық шабағын жіберіп жатырмыз. Облыстың жоспарына сәйкес 2026 жылға бізде 4 млн шабақ жіберу қарастырылған. Оның ішінде 700 мыңын біз әкімшілік ретінде жібереміз, 3,3 млн балық шабағын осы біздің балық шаруашылығында істейтін кәсіпкерлер өздері жібереді.
Өзенге шабақ жіберу акциясы аяқталған соң «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының мүшелері Көшпенділер қалашығының маңайын қоқыстан тазартты. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында облыста жыл басынан бері 500-ден астам іс-шара өткен.

Аяжан Боранбаева, Жастар ресурстық орталығының маманы:

– Бұл шаралардың басты мақсаты – елімізге деген сүйіспеншілікті көрсету. Осындай кішігірім экологиялық акциялардың арқасында жалпы тазалық акцияларын қолдау, ұйымдастыру. Қазіргі таңда «Жасыл ел» еңбек жасақтары екінші айын бастады өзінің. Жалпы облыс бойынша бізде 700-ден астам жасақшы жұмыс жасап жатыр.

Алматы облысы бойынша биыл 33 жалпы өңірлік сенбілік ұйымдастырылып, оған 800 мыңға жуық адам қатысты. Нәтижесінде 10 мың гектардай аумақ тазартылып, 17 мың тонна қоқыс шығарылған.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай

Сондай-ақ оқыңыз: