Ішкі нарықта сауда айналымы артты
Отандық сауда жалпы ішкі өнімнің 16-дан астам пайызын құрап, 1,5 млн адамды жұмыспен қамтып отыр. Соңғы 5 жылда ішкі сауда айналымы 80 пайызға өсіп, былтыр 70,7 трлн теңгеге жетті.
Бұл ілгерілеу сауданың жай ғана делдалдық қызмет емес, орнықты орта тапты қалыптастыратын және тұтынудың жаңа форматтарын дамытатын негізгі сала екенін көрсетеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев азаматтық қоғам институттары және бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесу кезінде осылай деді. Жиында отандық тауар өндірушілердің ұстанымын күшейту жайы қаралды.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Осы жиын отандық өндірушілердің позициясын нығайтып қана қоймай, жүйелі шешімді қарастыруға бағытталған. Жеке сауда белгілерін дамыту арқылы ұлттық брендтерді қалыптастыруды көздейді. Келер жылы күшіне енетін жаңа салық кодексі негізінде сауда-саттықты дамытуға да арналған. Бүгінде сауда саласы жалпы ішкі өнімдегі үлес бойынша екінші орында тұр.