Заңсыз қаржы айналымына қарсы халықаралық орталық құрылады

Қазақстан кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландырумен күрес бойынша халықаралық келісімді күшейтті.

Бұған Сенат мақұлдаған құжат негіз болады. ТМД аумағында заңсыз қаржы айналымын анықтау үшін халықаралық орталық құрылады. Мүдделес елдер  өзара ақпараттық жүйені жетілдіреді. Күмәнді қаражаттың транзиттік қозғалысы, активтердің түпкілікті орналастырылуы және салықтық қылмыстар сараланады. Сыбайлас жемқорлық бойынша мәлімет алмасып, трансшекаралық қылмыстық топтардың қызметі талданады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Бұл орталық осы бағыттағы қауіп-қатерлерді бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қаржылық барлау бөлімшелері арасында қорғалаған ақпараттық жүйе арқылы ақпарат алмасуға жол ашады. Аталған заң кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күресті арттыра түседі деп сенеміз.  

Қаржы мониторингі агенттігінің ақпарынша, соңғы жылдары 15 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылған. 20 заңсыз крипто айырбастау пункті әшкереленді. 10 млн долларға жуық виртуалды ақша бұғатталған. 45 қаржылық пирамида жабылды.