18 шетелдік Қазақстан-Ресей шекарасын заңсыз кесіп өтпек болды
Ақтөбе облысында 18 шетел азаматы жүк көлігінің тіркемесіне жасырынып, Қазақстан-Ресей шекарасын заңсыз кесіп өтпек болғаны үшін сотталды, деп хабарлайды «24KZ» diapazon.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға «Жайсаң автомобиль» өткізу пунктінде болған. Тәжікстан мен Өзбекстанның 18 азаматы жүк көлігінің тіркемесіне жасырынып, Ресейге заңсыз өтпек болған. Алайда шекарашылар көлікті тексеру барысында оларды анықтаған.
Сотта айыпталушылар Ресейге жұмыс істеу үшін бармақ болғандарын, алайда елге кіруге тыйым салынғандықтан заңды жолмен өте алмағандарын айтқан.
Сот олардың барлығын мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге оқталғаны үшін кінәлі деп таныды. Әрқайсысына 2 млн 595 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, Қазақстан аумағынан 5 жыл мерзімге шығарылсын деген шешім шығарылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз