«Талдықорған-Үшарал» газ құбырының құрылысы аяқталды
Жетісу облысында «Талдықорған-Үшарал» магистральді газ құбырының құрылысы аяқталды.
2 жылға жоспарланған жұмысты «QAZAQ GAZ» ұлттық компаниясы 1 жыл екі айда бітіріп, бүгін іске қосты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан маңызды жоба үш аудандағы 130 мың тұрғынды көгілдір отымен қамтиды.
Ұзындығы 300 шақырымнан асатын «Талдықорған-Үшарал» магистральді құбырының бойында алты автоматты газ тарату станциясы салынды. Барлығы да бүгін кезек-кезегімен іске қосылып, алауы жағылды.
Ақбар Төлегенов, «QazaqGAZ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- 124 млрд теңге инвестиция жұмсалды. Бүгін жобаны толығымен аяқтадық. Құбыр тартуға атсалысқан мекемелерге қарапайым жұмысшыларға алғыс айтамыз.
Газ құбыры Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының аумағымен тартылған. Қазір көгілдір отынды негізгі желіден ауылдарға жеткізу жұмыстары жүріп жатыр.
Айдос Бекетаев, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Бұл өте ірі жоба. Енді 84 елді мекенге газ құбыры кіргізілсе, 133 мың халытың табиғи газға қол жеткізуге қосылуға мүмкіншілігі болады.
Алакөл ауданындағы 28 елді мекенді табиғи газбен қамту көзделген. Осы мақсатта жобалық сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптама жасатылып жатыр.
Қоңыржай Қысталасова, ауыл тұрғыны:
- Біздің аудан ең алыс аудан. Сонда біздің ауданға қашан көгілдір отынға қосылады деп, әр үйде қашан жылу болады деп халық үміттеніп жүрді. Енді бүгінгі күн айтады ғой «ақ түйенің қарны жарылды» - деп. Бүгін енді cол қуанышқа бәріміз ризамыз.
Жетісу облысындағы 84 елді мекен көгілдір отынға қосылған. Аймақты газдандырудың кешенді жоспарына сәйкес алдағы екі жылда өркениет игілігін тұтынатын ауылдар санын 200-ден асырып 91 пайыздық көрсеткішке қол жеткізу жоспарланып отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдірешов