Медеуде мемлекеттік ту көтерілді

Алматыда да Мемлекеттік ту көтерілді. Патриоттық іс-шара тау баурайындағы «Медеу» спорт кешенінде ұйымдастырылды. Көк байрағымыз теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте желбіреді. Салтанатты шараға қала басшылығы, қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары мен шаһар тұрғындары қатысты.

Ту көтеру рәсімінде дәстүрлі түрде әскери үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Мемлекеттік гимн ойнады. Бұл Алматыдағы ең басты мерекелік шара. Тудың ені мен ұзындығы 7-де 14 метр. Ал тұғырының, биіктігі 40 метр.

Данияр Әлиев, қалалық мәдениет басқармасының басшысы:

- Бұл күннің мағынасы, мәні, құны құндылығы өте ерекше. Сондықтан бұл күнді ерекше қастерлеуіміз керек деп айтамыз. Республика күні бір күнмен тоқталмайды. Бұған дейін де басталған, енді мұның мағынасы күн сайын артып келеді.

Алматы – Тәуелсіз Қазақстанның іргесі қаланған қастерлі мекен. Бәріміз үшін бұл шаһардың орны бөлек. Дәл осы жерде, 1990 жылы 25 қазанда азаттықтың алғашқы қарлығашы Егемендік туралы декларация қабылданып, тәуелсіздіктің қазығы қағылды. Содан бері Алматы тәуелсіздік бесігі деп аталады.

Әкім Тұрсын, қалалық мәслихат депутаты:

- Өздеріңіз білесіздер барлық жерде, барлық аймақта тап осы күні ресми түрде жергілікті атқарушы билікпен жергілікті әкімдік пен қала әкімдерімен ту көтеру рәсімі өтті. Бүгін Алматы қаласында бұл шара өтіп жатыр. Артынан жастарға арнап жүйелі түрде концерт өтіп жатыр.

Бұдан өзге шаһар тұрғындары мен меймандарын түрлі мерекелік бағдарлама күтеді. Атап айтқанда қолөнер бұйымдарының көрмесі, ауылшаруашылық жәрмеңкесі, суретшілер көрмесі, экологиялық бастамалар мен танымдық-тағлымдық мәдени іс-шаралар өтіп жатыр. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев