Шымкентте Республика күні кең көлемде тойланды
Шымкентте Республика күні сынды ұлттық мереке кең көлемде тойланды.
Мәдени – патриоттық іс-шара аясында қолөнершілер көрмесі ұйымдастылып, жергілікті баспа үйлерінің кітап жәрмеңкесі ұсынылды. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрлер дәріптелді. Мерекелік шара эстрада әншілерінің гала-концертімен қорытындыланды.
Тұрғындар таң азанымен мерекені атап өту үшін орталық алаңға ағылды. Мәдениет мекемелерінің өнерпаздары ұсынған театрландырылған қойылымдарды тамашалап, ұлттық салт-дәстүрге негізделген көріністерге куә болды. Әуелеген ән тыңдап, күмбірлеген күйден ерекше әсер алды.
Бауыржан Орынбасар, Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы:
- Жалпы мақсат біздің халыққа, тұрғындарға, сонымен қатар қаламызға келген қонақтарға мәдениетімізді, өнерімізді, спортымызды барлық салт-дәстүрімізді көрсету, дәріптеу.
Жалпыхалықтық мерекеде балалар үшін арнайы бағдарлама әзірленді. Цирк әртістері көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында акробатикалық өнер көрсетіп, қызықты қойылымдар ұсынды. Сонымен қатар асық ату, арқан тарту, қазақ күресінен сайыс ұйымдастырылып, ұлттық ойындар дәріптелді.
Гусейн Алиев, турист:
- Барлығы жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Адамдар тамаша көңіл-күйге бөленіп, шаттанып жүр. Біздің саяхатымыз мерекемен тұспа-тұс келгеніне қуаныштымыз.
Мерекелік іс-шара гала-концертпен жалғасты. Жергілікті өнерпаздар мен елге танылған Yenlik, «Заман» тобы, Ғазизхан Шекербеков, Ұшқын Жамалбек, Әсет Есжан, Мадина Садуақасова мен «Жігер» тобы өнер көрсетіп, әннен шашу шашты.
Қанат Елікбаев, «Жігер» тобының мүшесі:
- Бізге шырайлы Шымкент өте ыстық және қонақжайлығымен ерекше. Біздің қазақи, мән-мағынасы бар әндердің көбі осы оңтүстіктен шығып жатыр. Соныдықтан да осы жерде біздің тыңдармандарымыз көптеу деп айтуға болады. Өте қатты қуаныштымыз. Бүгінгі керемет республика күнін жылы қарсы алып, кешті өткізіп жатқанына мың да бір алғысымызды айтқымыз келеді.
Мерекелік бағдарламада бірлік пен татулық, отанға деген сүйіспеншілік әнге арқау болды. Басты мақсат «егемен елдің тарихын танытып, болашаққа деген бағдарды дәріптеу»,- дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов