Жетісу облысында «Келешек мектебі» ашылды
Жетісу облысының Достық ауылында «Келешек мектебі» ұлттық жобасымен салынған білім ордасы пайдалануға берілді.
Ғимараттың ашылуымен елдімекендегі ең өзекті мәселе шешімін тапты. Енді оқушылар теміржолдан өтпей-ақ, өздерінің шағын ауданында орналасқан озық үлгідегі мектепте оқиды. Әрі орын жетіспеушілігі мәселесі де жойылды.
Білім ордасы 600 оқушыға арналған. Ғимаратта кітапхана, шеберхана, хореография, акт және спорт зал бар. Лингвистика мен робототехниканы үйренуге мүмкіндіктер жасалған. Зертханалар мен пәндік сыныптар да талапқа сай жабдықталыпты.
Кәусәр Әсербекова, оқушы:
- Биолология кабинеті бізге қатты ұнады. Кабинетінде электронды планшеттер, электронды тақталар, зертханалық үстелдер және зертханаға керек. Сонымен қатар құрал-жабдықтардың барлығы бар екен. Мысалы, бүгін микроскоп арқылы қанның түсін, лейкоцидтер мен басқа да жасушаларды өз көзімізбен көрдік. Осындай зертханалық жұмыстар сабақты қызықты етіп, ынтамызды арттырды.
Жаңа мектепте 60 шақты мұғалім жұмыс істейді. Олардың қатарында еңбек жолын енді бастаған жас мамандар да бар.
Гүлнұр Абылайханова, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:
- Достық орта мектебін бітіргенмін. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін еңбегімді сіңіруге келдім. Еңбек жолын осындай мектептен бастау мен үшін мәртебе. Оқушыларға толық жақсы білім беруге, әрі қарай білімімізді дамытып, оқушылармен тығыз жұмыс істеуге өте ыңғайлы.
Достық ауылы - еліміздің Қытаймен шектесетін шекаралы аймағында орналасқан. Елдімекендегі екі мектепте осыған дейін екі жарым мыңнан аса бала білім алып келді. Жаңа ғимараттың ашылуымен білім ошақтарына түсетін жүктеме азайды.
Айнагүл Сәдиева, «Достық» орта мектебінің директоры:
- Еңбекқор халықтың балаларына заманауи үлгідегі білім алуына, жан-жақты тұлға ретінде қалыптасуына мемлекет жағдай жасап, мүмкіндік беріп отыр. Барлық оқушылар ХХІ ғасырдың көшбасшысы бола алатындай мүмкіндіктер жасалған.
Бұл - Жетісу облысында салынған екінші «Келешек мектебі». Бұған дейін ұлттық жобамен Жаркент қаласында да жаңа білім ошағы ашылған болатын. Қазір аймақта 6 мектеп тұрғызылып жатыр. Соның үшеуі жыл соңына дейін қолданысқа беріледі.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Айгүл Ғазизулина