Стримингтік платформалардың дамуы

2026 жылға қарай стримингтік видеолар мен онлай-контент нарыққа 1 трилллион доллар қаржы әкелуі мүмкін. Биылдың өзінде осындай өнімдерден 214 млрд доллар түседі деп болжанып отыр. Сарапшылардың айтуынша, стриминг жаңа медиаға айналады. Бүгін Астана медиа уик  форумында осы тақырып қозғалды. 

Astana Media Week форумының екінші күнінде де жұмыс қызу жүріп жатыр. Жылдың ең ірі медиа форумына мыңға жуық қатысушы келді. Бұл республикалық және өңірлік телеарналардың, медиаплатформалар және мемлекеттік органдардың өкілдері. Олар панельдік сессияларға қатысып, медианарықтағы өзекті мәселелер жайында пікір алмасты. Бұл қоғамдағы «сенім дағдарысы», «журналистиканың жасанды интеллект дәуіріндегі өзектілігі үшін күресі» тақырыптары көтерілді. Стримингтік платформаларды дамыту мәселелері де назардан тыс қалмады. Медиаменеджер Ерлан Игисиновтың айтуынша, стримингтік платформалардың болашағы зор. 

Ерлан Игисинов, медиаменеджер:

- Онлайн-платформалар бізде қарқынды дамып келеді. Жақында отандық мамандар өте қызықты контент ұсынады деген сенімдеміз. Ақылы тіркеумен көрсетілетін өнімдер креативті индустриаға мол қаржы алып келеді. Әрине, Netflix сынды жаһандық ойыншылар барда бұл саланың жұмысын күрделендіруі мүмкін. Алайда әр платформаның өз аудиториясы бар. 

Сарапшылар «стриминг болашақтың медиасы» дейді. Қазірдің өзінде 4 миллионға жуық қазақстандық смтриминг платформаларын пайдаланады. Бұл өнімдерді монетизациялауға және медиаиндустрия саласына қаржы құюға мүмкіндік береді. Демек креативті индустрияның дамуына серпін әкеледі. Айта кетейік, Astana Media Week алаңы осындай контент ұсынатын шығармашылық ұжымдар мен продакшн студияларына серіктестер іздеуге мүмкіндік береді.

Сандуғаш Рахымжанова, Отандық онлайн платформасының контент-директоры:

- Жаңа стриминтік сервистердің пайд болуы отандық нарықта ұлттық өнімге, қазақтілді контентке сұраныс барын көрсетеді. Көрермен қазақстандық кино мен сериалдар, бағдарламалар үшін ақша төлеп, ақылы платформаларды пайдалануға дайын. Бүгінде стримингтер  контент жасаушылар үшін қосымша бағыт. Егер бұрын түрлі медиа өнім шығарушылар телеарналарға барып, жұмыстарын сатса, қазір стримингтік сервистер осы жобаларды еркін жүктеп, көпшілікке ұсынуға мүмкіндік береді. Осы тұста медиа өнімнің шыққан уақыты да маңызды емес. Он жыл бұрын шыққан сериалдар да жақсы қаралым жинап жатыр. 

«Онлайн-платформалар медиа нарықтағы бөлек digital өнімге айналуы ықтимал. Бұл стримингкке бұрын болмаған дәстүрлі контент қосылып, өзгеше өнім жасауға жол ашады», - дейді сала мамандары. Қазірдің өзінде бағдарламалар, фильмдер мен музыканы бір қосымшадан көруге болады. Сарапшылар бұл үрдіс ары қарай тек күшейе беретініне сенімді. Дегенмен өнімдерді монетизациялауда авторлық құқық пен оны тарату тетіктерін заңдық тұрғыда реттеуге ден қойылады. 

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Өрден Жарқын