Павлодарда көктайғақтан 16 адам жараланды
Павлодарда тайып құлап, жарақат алған 16 адам дәрігердің көмегіне жүгінген.
Қар аралас жаңбырдан кейін жер қатып, қала көшелері көктайғаққа айналды. Коммуналдық мекеменің 250 жұмысшысы мен 300-ден астам арнайы техника адам көп жүретін жерлер мен аялдамалардың маңына инертті заттар сеуіп жатыр. Алайда бұл шаралар жеткіліксіз, дейді мамандар. Көктайғақтан әлі де қауіп бар, сондықтан қарт адамдардың сыртқа әзір шықпағаны жөн деп отыр. Соңғы тәулікте облыстық аурухананың жарақат бөліміне түскендер көп. Біразына сүйектің сынуы, сіңірдің созылуы сияқты диагноз қойылып жатыр.
Дәурен Смағұлов, №1 қалалық аурухананың травматологы:
- Бізге абайсызда құлап, түрлі дене жарақатын алған тұрғындар көптеп келіп жатыр. Егер сүйегі сынып, буыны шығып кетсе немесе сіңірдің созылуы сияқты жарақаттар болса, біз оларды ауруханаға жатқызамыз. Күндізгі стационарға қабылданып жатқандар да бар.