Автожолдардағы қауіпсіздік күшейтіледі
Кейінгі бірнеше жылда еліміздің логистикалық әлеуетін дамытуға 35 млрд доллар қаржы бағытталды.
Алдағы кезеңде тағы 15 млрд доллар қаржы жұмсалуы мүмкін. Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Алматыда өткен VII халықаралық көлік-логистикалық бизнес форумда айтқан еді. Бұл жұмыстардың аясында автомобиль жолдарын жаңартуға, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау жүйесі де күшейтілмек.
Биыл республикалық маңызы бар автожолдарда жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту және жол көлік оқиғаларының санын азайту үшін кешенді шаралар қолға алынды. Жолдардың сапасы мен өткізу қабілетін арттыру мақсатында автожолдарды жоғары санаттарға көшіру жұмыстары жалғасуда.
Нұртілек Хасенов, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:
- Бірінші кезекте республикалық маңызы бар жолдарда біраз жол реконструкциядан өтті. Атап айтар болсақ, өткен жылы аяқталған Қарағанды - Алматы толықтай бірінші санатқа ауыстырылды. Яғни жолдың ортасын бөліп тұрған бөлігі бар. Яғни қарсы бағытқа көліктер шықпайтын. Сол сияқты ірі жобалардан былтыр аяқталған Талдықорған - Өскемен, екінші санаттағы 9 метрлік асфальт жабындының ені. Атырау-Астрахань екінші санатқа ауысты. Ұзындығы 89 шақырымды құрайтын Ақтөбе -Қандыағаш жолы да бірінші санатқа ауыстырылды.
Ескірген асфальт кәдеге жаратылады
Елімізде ескірген асфальтбетон жабыны қайта қалпына келтіріліп, кәдеге жаратылады. ҚазЖол ғылыми-зерттеу институтының мамандары тозған материалға "екінші өмір" сыйлайтын тың әдіс ойлап тапты. Инновациялық технология жол құрылысы қалдықтарын азайтуға көмектеседі. Энергия үнемделіп, жол салу кезіндегі көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға да мүмкіндік туады. Зерттеу жұмысының нәтижесінде алынған жаңа қоспа,, жол жамылғысының сапасы мен беріктігін арттырады. Әрі экологиялық таза отандық өнім өндірісін дамытуға серпін бермек.
Адина Айнаева, "ҚазжолҒЗИ" АҚ ресми өкілі:
- Соңғы ғылыми жұмыстардың бірі мемлекеттік грант негізінде біздің институт жеңіп алып, қазір асфальтты қайта өңдеп қолдану. Жолды жөндеу кезінде жаңа материалдарды қолданбай, сол жолдан алынған асфальтты өңдеп, жаңалап, арнайы қоспаларын қосып, сол жолға қайта төсеу. Осы бағыттағы жұмыстарды біз қазір қолға алып отырмыз.
Сонымен қатар жол қауіпсіздігіне қатысты нормативтік-техникалық база жаңартылуда. Қазіргі уақытта осы саладағы 59 құжат қайта қаралып, оның 11-і өзектендірілді. Бұдан бөлек Жол қауіпсіздігі жөніндегі бес жылдық стратегия әзірленіп жатыр. Аталған құжат мемлекеттік органдардың нақты міндеттерін белгілеп, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізуді көздейді.
Мирлан Алтынбек, Ернар Нысанбай