Абай облысында ауқымды жобалар қолға алынды
Биыл Абай облысына 3,5 трлн теңге инвестиция тартылды.
Жобалар саны 29-дан 97-ге дейін артқан. Оның 50-і Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енді. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында аймақ басшысы ұзындығы 297 шақырым болатын "Аягөз – Бақты" теміржол желісінің құрылысына айрықша тоқталды. Жалпы құны 577 млрд теңгеден асатын ірі жоба өңірдің және тұтас еліміздің дамуына тың серпін беру үшін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған. Нысан 2 жылда пайдалануға берілуі тиіс. Бұдан бөлек аймақта "Алтын өндіру фабрикасын салу" жобасы басталды. Берік Уәлидің айтуынша, жыл соңына дейін тағы 7 жоба іске асырылады, сөйтіп, 255 жұмыс орнын құру көзделеді.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Аумағы 96 гектарды құрайтын "Өндіріс" индустриялық аймағында 3 жаңа жобаларға жер беріліп, толыққанды игерілді. Индустриялық аймақты 186 гектарға дейін кеңейтіп, шағын өнеркәсіп паркін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Инвесторлардың өңірге деген қызығушылығы өте жоғары. Осыған байланысты Семей қаласының өнеркәсіптік аймағында 500 гектар жер бөлуді жоспарладық. Бұл жобаны іске асыру инвестиция тартуға, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беріп, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.