Абай облысында жыл басынан бері 468 өрт тіркелді
Абай облысында жыл басынан бері 468 рет өрт шыққан. Оның басым бөлігі жеке үйлерде болған. Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу үшін облыстық төтенше жағдайлар қызметі рейд ұйымдастырып, үйлерге газ иісін анықтайтын датчиктер орнатып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Жылыту маусымы басталғалы құтқарушылар қауіпсіздік шараларын күшейтті. «Ата-анаңның үйін тексер», «Өзіңнен баста» және «Әр үйдегі қауіпсіздік» акциялары аясында қарттар мен мүгедектігі бар жандардың, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйлері тексеріліп жатыр. Мамандар пеш пен мұржаның жай-күйін бақылап, оны тазалауға көмектесуде. Сондай-ақ газдың иісін автоматты түрде анықтайтын датчиктер орнатып жатыр.
Мәрзия Дәулетшынова, Семей қаласының тұрғыны:
– Қазір айналамызда түрлі жағдайлар болып жатыр. Оларды күнделікті әлеуметтік желілерден де көріп отырмыз. Соның ішінде өрт – ең үлкен қауіптің бірі. Сондықтан мұржаны әр 1,5–2 ай сайын тазалатып тұрамыз. Өйткені оның арналары тар болғандықтан, тез бітеліп қалады. Кейде балалар мұржаны және басқа да бөліктерін тазалап береді. Күйе жиналып қалғаны оттың дұрыс жанбауынан-ақ байқалады. Осындай жағдайда мұржаны тазалаймыз.
Соңғы бес жылда тұрғын үйлерге улы газ иісін анықтайтын 15 мыңнан астам датчик орнатылды. Соның арқасында 20-дан аса адам аман қалды. Дегенмен өңірде өрт қаупі әлі де жоғары. Жыл басынан бері 468 өрт тіркелген.
Еркін Отарғалымұлы, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
– Көп жағдайларда тұрғындар тұрмыстағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Бір тоқ көзіне бірнеше аспапты қосады. Бұл өз кезегінде өзі тозып тұрған, тозығы жеткен электр желілерге қосымша ауыртпалық түсіреді. Салдары қысқа тұйықталуға алып келіп, өрт болуы мүмкін.
Қазір облыста өрттің алдын алуға арналған «Тұмар 112» цифрлық жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Департамент қызметкерлері осы жүйе арқылы өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылу деректерін тіркей алады. Сондай-ақ қай үйде өрт шығу қаупі жоғары екенін анықтап, кемшіліктің бар-жоғын қадағалайды. Мамандар бұл жүйенің алдағы уақытта өрттің алдын алуға көмектесіп қана қоймай, жедел әрекет етуге де жәрдем ететінін айтады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Мәди Базарбеков