Жаңа Цифрлық кодекс: деректер қауіпсіздігін арттыратын құжат

Жаңа Цифрлық кодекс азаматтардың онлайн кеңістіктегі іс-қимылдарын заңда нақтылай түседі. Енді жеке тұлғаны растау жүйесі күшейіп, көпфакторлы және биометриялық тәсілдер заң жүзінде қолданылады. Сонымен бірге электронды цифрлық қолтаңба бұрынғыдай ресми құжаттарға қол қоюдың жалғыз заңды құралы ретінде сақталады. 

Енді ел азаматтары өз еркін «цифрлық растау» тәсілі арқылы білдіре алады. Яғни жеке тұлғаны тану жүйесі күшейіп, саусақ ізі, бет-бейне, дауыс заң жүзінде қолданылады. Бұл туралы Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы мәлімдеді. Екатерина Смышляева кодекс жобасында қолданыстағы электронды құжаттарды заң тілінде үш топқа бөлу көзделіп отырғанын айтты. Бұлар электронды құжаттар, цифрлық құжаттар және цифрлық мәліметтер.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл өзгерістер азаматтар мен ұйымдардың цифрлық ортада қолтаңба қою, дерек ұсыну және құжат алмасу тәртібін жеңілдетіп, құқықтар мен міндеттерді нақтылай түседі.

Иә, жаһан жұртшылығы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Ақылды зерденің мүмкіндігі мол. Оны әскери салада, кибершабуылдарға және халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін жобаларда пайдаланғысы келетіндер де бар. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз жасанды интеллектіні тек бейбіт мақсатта ғана қолдануға тиіс деп мәлімдеді. Мемлекет басшысы Жолдауын жариялау кезінде жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажеттігін айта келе, ол үшін Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн екеніне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс. Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек.

Жаңа кодекс цифрлық ортаға құқықтық мәртебе беріп, деректер мен платформаларды айналымға енгізуге арналған. Осылайша цифрлық деректер, жүйелер, ресурстар мен инфрақұрылым құқық объектісі болып танылады. Кодекстің негізгі бөлімі цифрлық құқықтар ұғымын айналымға енгізеді. Олардың екі түрі болады: айналымдағы цифрлық құқықтар – цифрлық қаржы активтері және тауарлық цифрлық активтер, сондай-ақ қолжетімділікті, пайдалануды және басқа да материалдық емес мүмкіндіктерді ұсынатын утилитарлық цифрлық құқықтар.

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Цифрлық кодекстің негізі мақсаты – цифрлық ортаға қатысты қоғамдық қатынасты нақтылап, айқындау. Оған қатысушылардың құқықтары мен объектісін анықтау.

Кодексте алғаш рет смарт-келісімшарт ұғымы енгізіледі. Бұл орындалу шарттары сақталған жағдайда автоматты түрде жүзеге асатын цифрлық келісім. Алдын ала берілген алгоритм бойынша автоматты түрде орындалатын жүйе делдалдар мен қағаз жүзіндегі рәсімдерді қажет етпейді.

Кодекс 10 тараудан тұрады. Жоба цифрлық ортада жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ жеке және қоғамдық мүдделер теңгерімін қамтамасыз етуді көздейді.