Елде әлеуметтік креативті индустрия ұғымы енгізіледі
Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылықпен айналысып, мәдениет саласына қосар үлесін арттыруға ықпал етпек.
Бүгін Мәжіліс отырысында креативті индустрияны дамыту туралы заң жобасы қаралды. Ондағы ұсыныстар көркемөнер саласындағы құқықтық негізді айқындап, мемлекеттік қолдауды жетілдіруді көздейді. Заң жобасында креативті индустрияны қолдайтын органдардың құзыреттері айқындалған. Жоба бірінші оқылымда мақұлданды. Бүгінде креативті индустрияда 46 мыңнан астам ұйым қызмет етеді. Салаға 143 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Ал креативті экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 1 пайызға жақындады. Бұл көрсеткіштің соңғы сегіз жылда үш есеге өскенін айта кеткен жөн.