Цифрлық кодекс – киберқауіпсіздік кепілі

Жаңа цифрлық кодекс интернет алаяқтыққа тұсау болады.  

Енді жеке тұлғаны растау жүйесі күшейіп, көпфакторлы және биометриялық тәсілдер заң жүзінде қолданылады. Құжатта адам құқығы мен беделін қорғау, смарт келісімшарттардың қолдану аясын кеңейту, электронды құжаттар айналымын оңтайландыру мен киберқауіпсіздік көрініс тапқан. Ал электронды цифрлық қолтаңба ресми құжаттарға қол қоюдың жалғыз заңды құралы ретінде сақталады.

Жаңа Кодекс киберқауіпсіздіктің негізгі қағидаларын қамтыған. Бұл ретте, ұлттық цифрлық нысан ұғымы енгізілмек. Жобаны таныстырған депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, бұл қазақстандықтардың жеке мәліметтері қамтылған стратегиялық мәліметтер қорын қорғау үшін керек. Яғни кез келген ақпараттық база, биометрия, мектептердегі мағлұматтар тізбесі цифрлық нысан ретінде белгіленбек. Демек бұның бәрі ұлт меншігі саналып, ұдайы мемлекеттің қорғауында болады. Отырыста онлайн алаяқтыққа тұсау салу мәселесі де көтерілді.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біріншіден Кодекс цифрлық идентика институтын дамытады. Яғни, ең алдымен қолданушынының аутентификациялау тәртібі сипатталады. Оның ішінде көпфакторлы биометриялық сипаттау да бар. Бұл ретте аутентификацияға қатысты талап күшейтіледі. Сонымен қатар цифрлық қолтаңба мен цифрлық құжаттарға қосымша талаптар қойылмақ. Мұндай кезде қолданушының іс-әрекет алгоритмі қатаң сақталуы тиіс.

Айта кетерлігі, киберқауіпсіздікке цифрлық жүйелердің авторлары жауапты болмақ. Енді онлайн кеңістікте кімнің, қашан, қандай әрекет жасағанын көру мүмкін болмақ. Бұл  - цифрлық криминалистика үшін таптырмас құрал, - дейді депутат Смышляева.  

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір онлайн алаяқтық не себепті белең алған? Өйткені жеке тұлғаны анықтау тәртібі ретсіз. Мысалы, сізге смс келеді, сіз сол смс хабарлама арқылы қандай да бір әрекетті растайсыз. Бірақ оны расымен сіздің растап отырғаныңызды кім біліп отыр? Бәлкім телефоныңыз басқа біреудің қолындан шығар, немесе ол смсты басқа біреу  көріп қойды, тағысын тағы сияқты. Осындай түйткілдерді біз Кодекс аясында шешетін боламыз. Ол автоматты жүйенің көмегімен қалай расталады? Міне осы процесстер нақтыланады.

Қандай да бір ақпараттық жүйе іске қосылар болса, Цифрлық Кодекске сай оған жіті тексеру жүргізілмек. Мұндай цифрлық аудит жүйенің осал тұстарын бірден анықтайды. Мәжіліс отырысында әлеуметтік желідегі контентті фильр-сүзгіден өткізу қажеттілігі де айтылды. Депутат Асхат Аймағамбетов бұның балаларға әсеріне қатысты мәселеге жеке тоқталды. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз осы мәселені тереңінен зерттеуіміз керек. Денсаулық сақтау министрлігінің нақты позициясы болу қажет. Біздің психолог мамандардың нақты позициясы болуы керек. Соған байланысты біз нақты шешім қабылдауымыз керек. Ата-аналармен, қоғамммен, сарапшылармен талқылай отырып бір мәмілеге келуіміз керек.

Сонымен қоса заң жобасында цифрлық инклюзияны дамыту, адам құқықтарын қорғау мәселелері қамтылды. Осылайша, Цифрлық Кодекс құқықтық, инфрақұрылымдық, киберқауіпсіздік және техникалық түйткіл тұрғысынан жан-жақты талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Мұрат Әріпханов