Әлемнің үздік университеттері Қазақстанға келіп жатыр
Елімізде шетелдік университеттердің филиалдарын ашу – отандық жоғары білім саласындағы стратегиялық бастамалардың бірі. Сапалы білім беру жүйесін құру арқылы Қазақстан озық ойлы жастардың сыртқа ағылуын тоқтады. Бұл жайында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек АҚШ-қа сапары барысында «Times of Central Asia» басылымының тілшісіне берген ауқымды сұхбатында айтып берді. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасып, америкалық университеттер мен кәсіптік оқу орындары елге шақырылады.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Аrizona State University білім беру саласында стратегиялық әріптестікті бастайды. Өткен аптада АҚШ-та тараптар тиісті меморандумға қол қойды. Бұл әріптестік Қазақстанға қандай мүмкіндік береді? Студенттер қос диплом алады. Үш жыл елде, Бір жылын АҚШ-тағы Аризона университетінде оқиды. Сондай-ақ елімізде жоғары жетістікті студенттерге арналған колледж ашылады. Студенттер бірлескен зерттеулер жүргізіп, тағылымдамадан өтеді. Ал Алматыда келер жылы дәл осы Аризона университетіне қарасты Инновация және технология университеті ашылады. InnoTech - инженерия, IT, кәсіпкерлік, жасанды интеллект бағытындағы әлемдік деңгейдегі білім ордасы.
Саясат Нұрбе, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Ұлытау техникалық университеті Колорадо тау-кен мектебі және қазақстандық «Қазақмыс» тау-кен компаниясымен әріптестік орнатты. Олар тау-кен және металлургия саласында инновациялық хаб құрады. Бұл бастама қос диплом беру, салалық ғылыми-зерттеу және технологиялар алмасу мүмкіндігін ұсына отырып, Қазақстанның академиялық беделін арттырып, АҚШ-пен экономикалық байланыстарды нығайтады. Аризона мемлекеттік университеті Қазақстанда екі ірі филиал ашпақ. Бұл тек бастамасы ғана.
Әлемнің озық университеттерінің филиалын ашу үрдісі елімізде бірнеше жыл бұрын қарқын алды. Бүгінде олардың саны 40-қа жуықтады. Табысты әріптестіктің бірі - Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен АҚШ-тың Аризона университетінің әріптестігі.
Ербол Исақаев, М. Қозыбаев атындағы солтүстік қазақстан университетінің ректоры:
- Біз дуальді білім беру жүйесінің жаңа моделін іске қостық. Ол бойынша колледж түлектері немесе екінші жоғары білім алғысы келетін адамдар жұмыс істеп жүріп оқи алады. Оқу бағдарламасы екі жыл. Бұл еңбек нарығын сапалы кадрлармен қамтуға септігін тигізеді.
Аружан Ермұхан, студент:
- Мектеп кезінде шетелге немесе Алматыға оқуға түскім келген. Қазақстанда шетелдік университеттер ашылып жатқанын естіп, қалуды шештім. Қазір Аризона университетінде Қозыбаев университеті мен Аризона университетінің бірлескен қос диплом бағдарламасы бойынша ақпараттық технология мамандығында оқимын.
Қазақстан Президенті бастаған үлкен делегацияның АҚШ-қа сапары барысында жоғары білім саласындағы келіссөздер нәтижелі өтті. Екі күн ішінде кадр даярлау, озық тәжірибе игеру бағыттарында америкалық университеттер және технологиялық компаниялармен әріптестік туралы алты келісімге қол қойылды.
Айдос Жұманазаров, сарапшы:
- Бұл Қазақстанға не береді? Ең алдымен, әлемдегі өте атақты университеттердің білімін Қазақстаннан шықпай-ақ алуға болады. Тек қана білімнің емес, сонымен қатар ақшаның сыртқа шықпауына да тікелей әсер етеді. Қазақстанда қалғандықтан ішкі айналымға ол тікелей әсер етеді.
Ашылған филиалдардың көбінде оқу ағылшын, орыс, қытай тілдерінде жүреді. Сондай-ақ барлығында қазақ тілі мен Қазақстан тарихы міндетті пән ретінде оқытылады.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Қорыта айтқанда үш жарым жылдың ішінде Қазақстан шын мәнінде өңірімізде үлкен академиялық орталыққа айналды. 40-қа жуық мықты шетелдік филиалдар ашылды. Университеттеріміз енді инновацияның, ғылымның, ізденістің орталықтарына айналуда. Онға жуық жаңа келісімшарттарға қол қойылады. Ең мықты үш Финляндия университеттерінің консорциумы Астанада жаңа педагогикалық университет ашуға келісімін берді.
Сондай-ақ Қазақстан болашақта 100 мыңға тарта шетелдік студентті елге тартуды көздейді. Сарапшылар соның нәтижесінде миллиардтаған қаржы экономикаға құйылатынын айтады. Еліміз жаһандық білім нарығының бөлшегіне - Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналудың нәтижесінде жоғары сапалы білім экспортын жандандырады.
Авторы: Рухани Әбдірахман