Астанада алғаш рет кәсіпкер әйелдердің слеті өтті

Елордада алғаш рет кәсіпкер әйелдердің ұлттық слеті өтті.  

Жиынға бизнесмендермен қатар қоғамдық ұйым жетекшілері және халықаралық серіктестер де қатысты. Онда  қаржыландыру жолын кеңейту және бизнесті цифрландыру мәселесі талқыланды. Сондай-ақ саясатқа араласуға ден қойғандарға жаңа мүмкіндіктер мен табысты кәсіпкерлердің тәжірибесі ұсынылды. Ұлттық слет, әйелдердің ел экономикасындағы рөлін күшейтіп, өңірлер арасындағы әріптестікті дамытуға септігін тигізеді-дейді ұйымдастырушылар. Атап өтейін, бүгінде шағын және орта бизнесте ісін дөңгелетіп отырған 1 млн-нан аса қыз-келіншек бар. Бұл елдегі кәсіпкерлердің тең жартысы.

Әсем Талғатқызы, кәсіпкер:

- Кәсіппен айналысқаныма міне, 7 жылға жақындап қалды. Біздің лабораториялар 2020 жылы ашылды. Қазақстан бойынша лабараториялар желісі дамып келе жатыр. Компаниямда 100-ден аса қызметкер қызмет етеді. Бүгін осындай ұлттық слетті ұйымдастырып отырған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына алғысым шексіз. Кәсіпкерлердің басын жинап бір-бірімен танысу, сонымен қатар мотивация жасап, қолдау көрсетіп жатқанына үлкен ризашылығымды білдіремін.

Әйелдер саясатқа да белсенді араласуда. Сенатор Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, бұрымдылардың елдің саяси өміріне араласуы әлеуметтік мәселелердің тиімді шешілуіне жол ашады. Сонымен қатар билік құрылымдарында әйелдер санының артуы жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге де ықпал ететін көрінеді.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Кәсіпкер әйелдеріміздің белсенділік танытуы өте қуанышты жағдай, яғни әйелдер отбасы үшін ғана емес, мемлекет, Отан үшін жауапкершілік ала алатындай деңгейде. Мен мұны Парламент Сенатының депутаты ретінде көріп жүрмін. Соңғы уақытта заң шығаруда үкіметтік емес ұйым өкілдерінің эксперт ретінде, кәсіпкерлеріміздің эксперт ретінде белсене араласуының арқасында сапалы, өміршең, нақты жұмыс істейтін заңдар қабылданып жатыр.