Астанада «Kaztraffic-2025» халықаралық көрмесі өтіп жатыр

Астанада осымен 21-ші рет «Kaztraffic-2025» халықаралық көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Ауқымы кең шараға Қытай, Ресей, Түркия және Франция секілді 10-нан астам елден 300-ден аса компания келген. Олар саланы дамытуға бағытталған өз шешімдерін ұсынады. Биылғы көрменің ерекшелігі қандай?

Әлемге әйгілі жол-құрылыс техникасы, материалдар мен инновациялық жабдықтар. Мұның бәрін бүгінгі Kaztraffic көрмесінен бақылауға болады. Алаңда отандық және шетелдік жетекші компаниялар өкілдері саланы дамытуға бағытталған өз шешімдерін ұсынып жатыр. Солардың бірі – астаналық коммуналдық мекеме. Олар шаһардағы санитарлық қызметтің сандық трансформациясын ұсынды. Бейнебақылау камераларына жасанды интеллектіні енгізіп, оны 100-ге жуық арнайы техникаға орнатқан. Ол жанармай шығынын, маршуттарды және көлік жүргізушілерінің жұмысқа қабілетін талдауға мүмкіндік береді.

Тимур Ахметов, «Астана Тазалық» ЖШС техниканы пайдалану бөлімінің басшысы:

- Қаланың тазалығы үшін тәулік бойы 2 ауысымда жұмыс атқарамыз. Жасанды интеллектіні біз ең бірінші арнайы техникаға орнаттық. Ішінде видеотерминал. Ол жүргізушінің, машинистің ұйықтап кету салдарын болдырмау және жолдан маршруттан ауытқып кетпеуді болдырмауды бақылап, жасанды дауыспен көмектесіп отырады, оятады.

Ұлттық сапа орталығының мәліметінше, республика бойынша 125 мың шақырым жол бар. Оның 75 мыңы жергілікті және облыстық маңызы бар, ал 25 мыңы республикалық маңызы жоғары есептеледі. Қалған шақырымы елді мекен көшелеріне тиесілі. «Барлығының сапасы үнемі бақылауда», – дейді жауаптылар.

Серік Арон, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бөлім басшысы:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазір жол саласындағы барлық цифрлық өнімді Ұлттық орталық, «ҚазАвтоЖол», «ҚазЖол» ғылыми зерттеу институтының өзінің цифрлық бағдарламасы бар. Соның бәрін бірыңғай жүйеге біріктіріп, «E-Joldar» деген базаны біз жасақтап жатырмыз. Қазір жұмыстар басталып кетті, аяқталуы 2026 жылдың соңына негізделген. Сапасы, қандай жұмыстар атқарылып жатыр, кімдер атқарып жатыр – соның барлығы осы бірыңғай базада біріктіріледі.

Халықаралық көрмеде көлік вице-министрі іске асып жатқан маңызды жобаларға тоқталды. Ол әсіресе «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына ден қойылып отырғанын жеткізді. Қазір ондағы жолақтардың санын арттыру көзделіп отыр. Ол елдің транзиттік әлеуетін дамытуға жол ашады.

Мақсат Қалиақпаров, ҚР көлік вице-министрі:

- Республикалық маңызы бар жолдардың жағдайы 93% артты. Көрсеткішті 100%-ке жеткізу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бүгінгі көрмеге қатысып жатқан шетелдік мамандар да саладағы әлеуетімізді оң бағалады. Қазір Қазақстан аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның бесеуі теміржол, ал сегізі автомобиль дәлізі. Жуырда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына 6 жолақ енгізетін ауқымды жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз.

Әлем бойынша жетекші компанияларды осымен 21-ші рет жиған халықаралық көрме үш күн бойы жалғасады. Мамандар оның нәтижесінде бірқатар маңызды келісімге қол қойып, алдағы уақытта тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Альмира Оразбай, Руслан Алиев