Елімізде қылмыс саны азайды

Биыл елдегі қылмыс саны 5,3 мыңға азайып, ізі суымай ашылған істер көбейді. Бұл туралы Мемлекет басшысының қабылдауында болған Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді. Оның айтуынша, тұрмыстық сипаттағы жағымсыз жағдайлар сегіз пайыз төмендеген. Оның ішінде кісі өлімі 26 пайыз азайды.

Сонымен қатар іздеуде жүрген мыңнан аса күдікті ұсталды, олардың 138-і шетелде қолға түсті. Полицейлер 30 тоннадан астам есірткіні айналымға түспей тұрып тәркілеген. Оның бір тоннадан астамы синтетика. Одан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмысқа қатысы бар 185 қылмыстық топ ұсталды.  

Алаяқтықпен айналысқан 12 call-орталық жойылып, 83 миллион фрод-қоңырау және 4 мың алаяқтықпен айналысқан сайт бұғатталды. Сондай-ақ алаяқтардың 2,3 млрд теңге қаражатты елден шығаруына тосқауыл қойылды. Жолдағы қауіпсіздік те бақылауда. Нәтижесінде көлік апатына қатысты өлім-жітім біршама азайған. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу соңында бірқатар тапсырма берді.